• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Ақтөбе облысының әкімі болашақ дәрігерлермен кездесті

351 рет
көрсетілді

АҚТӨБЕ. 21 қаңтар. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің профессор-оқытушы құрамымен, ғылыми қызметкерлерімен, студенттерімен, медициналық мекемелердің жетекшілерімен, қаланың қоғамдық ұйымдары өкілдерімен және болашақ дәрігерлердің ата-аналарымен кездесті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Бұған дейін біз медициналық мекемелердің басшыларымен, медицина қызметкерлерімен кездестік, денсаулық сақтау саласының перспективасы мен проблемалары туралы айттық. Бүгін медицинаның дамуына және көрсетілетін қызмет сапасына тікелей қатысты адамдарды жинап отырмыз. Бәрінен бұрын, ол – кадрлар даярлау үшін жауап беретін профессор-оқытушылар құрамы. Сіздер үшін жұртшылықтың жұмыстарыңызды қалай бағалайтынын білу, білім сапасы деңгейі жөніндегі студенттер мен олардың ата-аналарының пікірін тыңдау да қызғылықты болар деп ойлаймын. Біз медициналық мекемелердің басшыларымен олардың емделушілермен жұмысының сапасы мен әдістерін талқылап қана қоймай, сондай-ақ, медициналық жоғары оқу орнындағы кадрлар даярлаудың оларды қаншалықты қанағаттандыратынын, жас мамандарға қандай сын айтылатынын да сараптауды көздеп отырмыз. Бүгінгі күні медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Енді күрделі операцияларды Қазақстанда жасайтын болды. Әлемнің әртүрлі елдерінен дәрігерлер келіп, біздің мамандарымыздың тәжірибелерін үйренуде. Денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті – кадрларды сапалы даярлау және дәрігерлердің біліктілігін көтеру», – деді жиын барысында Бердібек Сапарбаев. Ол кездесу барысында медицина кадрларын даярлау және олардың біліктіліктерін көтеру бойынша жұмыстарды жетілдіруді тапсырды. Университет ректоры Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, мұнда 5 оқу-лабораториялық корпусы, 1 530 орындық 4 студенттер жатақханасы, медицина орталығы, отбасылық медицина емханасы, т.б. қызмет түрлері бар. 1000 орындық студенттер жатақханасының құрылысы аяқталуға жақын, оған жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Профессор-оқытушылар құрамында 630 адам бар. Университет медициналық мекемелермен тығыз байланыста, студенттер күрделі оталарға қатыстырылады. БҚММУ профессоры Арыстан Мамырбаев аймақтың ірі жер қойнауын пайдаланушыларына байланысты қиыншылықтар туралы әңгімеледі. Өңір басшысы өз кезегінде кейбір медициналық мекемелердің жұмыстары көңілінен шықпайтынын айтты. Ырғыз ауданында бюрократиялық әуре-сарсаң мен дәрігерлердің ұқыпсыздығынан қайтыс болған 24 жастағы науқасқа байланысты жайтты мысалға келтірді. Оның мәлімдеуінше, науқастың қайтыс болуына қатысы бар дәрігерлердің барлығына тиісті шара қолданылатын болады. Ол сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің дөрекілігін де сынға алды, қасаңдық пен қағазбастылықтан құтылу қажеттігін атап өтті. Облыста медициналық кластер құрылатынын жеткізді. Таяуда ғана жаңа медициналық жедел жәрдем бекетінің құрылысын салу жөнінде түрік компаниясымен келісім жасалғанынан, аймаққа жұмыс жасауға кореялық дәрігерлер де ықыласты болып отырғанынан хабардар етті. Сондай-ақ, медициналық туризмді дамытуға бағыт ұсталатынын айтты. Кездесу кезінде жас ғалымдарға қолдау көрсету, ғылымды дамыту мәселелері де сөз болды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.