АСТАНА. 24 қаңтар. Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданынан 3 шақырым жерде орналасқан Садыхан қыстауында тікұшақ апатқа ұшырап, 1 адам зардап шекті. Бұл туралы mail.ru-ға сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың хабарлауынша, апатқа ұшыраған Ми-2 тікұшағынан 1 адам зардап шеккен. Ол: «Әзірге зардап шеккен адамның кім екені белгісіз. Ал тікұшақ «Жаңа әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авиакомпаниясына тиесілі. Алдын ала болжам бойынша әуе көлігінің бортынан өрт шыққан болуы мүмкін», – деді. Сондай-ақ, ресми өкіл тікұшақтың ұшуға жарамдылығын мен апаттың салдары жан-жақты тексеріліп жатқанын, толық мәлімет анықталғаннан кейін таратылатынын жеткізді.
Айта кетейік, әуе көлігі кеше кешке апатқа ұшыраған болатын. Қазіргі таңда оқиға орнында құқық қорғау саласының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: mail.ru.