Мәскеу қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) мен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті (ММУ) арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі.
Құжат университеттер ректорлары Ғалымқайыр Мұтанов пен Виктор Садовничийдің қолдарымен бекітілді. Ал келісім студенттер мен мұғалімдер арасында алмасу, өзара ғылыми тағылымдамалар өткізу, бірлескен білім беру бағдарламаларын дайындау және оларды іске асыру, академиялық кездесулерді, симпозиумдар мен ғылыми мектептерді, бірлескен зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және т.б. шараларды қамтиды.
– Қазақстандық әріптестерімізбен ынтымақтастығымыз онжылдықтарға созылып, бұрыннан жалғасып келеді, – деді В.Садовничий. – Арамыздағы байланыстарымыз айтарлықтай, біз дос және серіктеспіз. ҚазҰУ түлектері ММУ аспирантурасында оқып және, керісінше, ММУ түлектері ҚазҰУ аспирантурасында өз оқуларын жалғастыруда. Жаңа келісім біздің қарым-қатынасымызға маңызды серпін беретініне сенімдімін.
Өз кезегіне Ғ.Мұтанов таңдаулы 300 QS (Ұлыбритания) әйгілі халықаралық рейтингіне ТМД жоғары білім орындарының үшеуі ғана кіргенін еске салып өтті: ММУ, СпбМУ және ҚазҰУ.
– Келісім Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде пайда болған көптеген ғылыми мәселелерді бірігіп шешуге мүмкіндік береді, – деді ҚазҰУ ректоры.
МӘСКЕУ.