АҚМОЛА. 28 қаңтар. Степногор қаласындағы соғыс және тыл ардагері Клавдия Кошалеваны 99 жасқа толуымен ардагерлер кеңесі мен мектеп оқушылары құттықтады. Бұл туралы Ақмола облыстық медиа орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
1917 жылы туған Кошалева Клавдия Ивановна қаңтар айында өзінің 99 жылдық мерей тойын қарсы алды. Осындай атаулы мерекемен қалалық ардегерлер кеңесінің төрайымы Фарида Есжанова мен оның орынбасары Елена Жиликова туған күн иесін арнайы құттықтап қайтты. Сонымен қатар Клавдия апайды құттықтауға №2 орта мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Светлана Швецова мен мектеп тәлімгері Айжан Бақбергенова да барды.
Ардагерлер кеңесінің атынан той иесіне сыйлық тарту етіліп, жылы лебіздер білдірілді. №2 орта мектеп ұстаздары да балалар қолымен жасалған бұйымдарды сыйға ұсынып, шағын концерттік бағдарлама қойды.
Клавдия апай - Орынбор өңірінің тумасы. Тұрмысқа шыққан сәттен бастап Қырғызстанға жер аударылған. Ұлы Отан соғысының ардагері еңбек майданында да озаттар сапында болды. Жұбайы өмірден озған соң Қырғыз елінен Қазақстанға көшіп келіп, 4 баладан өрбіген немере-шөберелерінің қызығын көруде.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz.