• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Ботақарада білім ошағы бой көтерді

327 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде қазақ мектебінің құрылысы толығымен аяқталды. Бұрын балалар оқитын ескі ғимаратта жалпы білім беру мекемесімен бірге музыка мектебі де қатар орналасып, бұл, әрине, көптеген қиындықтар туғызып келген еді. Ғимарат іші тар болатын, тіпті, мұнда спорт залы да атымен болған емес. Енді жаңа мектеп салынған соң ұзақ жылдардан бері қордаланып келген бұл мәселе де оң шешімін тапты. Ботақаралықтардың мұндай қуанышымен ортақтасу үшін арнайы келген облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков мектептің салтанатты ашылу жиынында құттықтау сөз сөйледі. «Сапалы білім беру – әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуды мұрат еткен біздің елдің дамуына зор ықпалын тигізетін факторлардың бірі. Елдің болашағы бүгінгі оқушылардың қолында. Сондықтан, Мемлекет басшысы жалпы білім беретін жүйенің материалдық-техникалық базасын жаңартып отыруға айрықша көңіл бөледі», – деді өңір басшысы. Жаңа мектеп білім беруді дамыту мемле­кеттік бағдарламасы бойынша салынды. Құрылысы 2014 жылы басталған білім мекеме­сінің жалпы аумағы 6 400 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты ғимаратқа 464 бала еркін сыйып, оқи алады. Мұнда шебер­хана, мультимедиялық, лингафон кабинет­тері, кәсіптік бағдарлық зертхана, мамандан­дырылған химия, физика және биология кабинеттері бар. Сонымен қатар, спорттық, оқу және акт залдары, кітапхана, асхана және медицина кабинеті қарастырылған. Білім ордасының құрылысына облыстық бюджеттен 902 млн. теңге қаржы жұмсалды. Мектептің жайлы да жарық сыныптары отандық жиһазбен жабдықталған. Ауласында балаларға арналған төрт және бір үлкен спорт алаңқайы бар. Қауіпсіздік шараларын сақтау үшін барлық жерге бейне-бақылау камералары орнатылған. Жаңа мектепте 522 балаға арналған сабақтар екінші жартыжылдықтан бастап жүргізіледі. Мұнда 55 мұғалім жұмыс істейтін болады. Олардың арасында «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша келген жас мамандар да бар. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы.