Шығыс өңірінде қолға алынған «Мейірім» акциясының мейірімін сезінгендер қатары жыл санап артып келеді. Шығыс Қазақстан облыстық арнайы жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Азамат Өскенбаев аталған акция аясында Өскеменнің жаңа шағынауданынан бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Ол Өскемен сервис және кәсіби дайындық колледжінің бағдарламашы-оператор мамандығында оқиды.
2011 жылы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөніндегі кешенді бағдарламаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысында «Мейірім» акциясы басталған болатын. Бұл акцияның мақсаты – ата-анасыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.
– «Мейірім» акциясы аясында атқарылған жұмыстарды бүгінгі баспана тойымен қорытындылап отырмыз. 2011 жылы қабылданған бағдарламаны жүзеге асыру 2015 жылға дейін жоспарланған болатын. Алайда, облыс әкімдігінің бастамасымен бұл бағдарлама әрі қарай жалғасын табады. Осы жылдар ішінде жетім қалған балалардың маңдайынан сипап, жан жылуын аямаған патронаттық ұйымдарға шексіз ризашылығымды білдіремін, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі кезде шығыс өңірінде 3 мыңнан астам жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олардың ішінде 1900 бала патронаттық мекемелерге тіркеліп, қамқорлыққа алынды. Патронаттық тәрбие мен қолдау шеңберінде жекелеген тұлғалар мен кәсіпорындар балалардың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-та ашылған жеке есепшоттарына қаржы құйып келеді. Нәтижесінде, 2011 жылдан бері 478 бала жеке баспанаға ие болды. Кәмелет жасқа толған сайын аталған санаттағы балалардың баспаналы болу көрсеткіші де арта түседі, дейді басқарма басшысы.
– «Мейірім» акциясы аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ және кәсіпорындармен арасында келісімдер бекітілді. Бұл акция тек баспанамен қамтып қана қоймай, оқуға да, жұмыс беруге де көмектеседі, – дейді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев.
Оның айтуынша, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша берілген пәтердің шаршы метрі 77 мың теңге көлемінде бағаланды. Мұндай төмен баға еш жерде кездеспейді. 19 жастағы Азамат 2009 жылдан бастап банктегі есепшотына баспана құнының 2 пайызын жинапты. Жасөспірімдер үйі тәрбиеленушісінің баспаналы болуын жылдамдатқан патронаттық ұйымдар қатарында мемлекеттік мекемелермен бірге «Қазцинк» ЖШС, «Император» сауда орталығы сынды кәсіпорындар бар.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.