• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Жаңажылдық тарту – баспана

232 рет
көрсетілді

Шығыс өңірінде қолға алынған «Мейірім» акциясының мейірімін сезінгендер қатары жыл санап артып келеді. Шығыс Қазақстан облыстық арнайы жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Азамат Өскенбаев аталған акция аясында Өскеменнің жаңа шағын­ауданынан бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Ол Өскемен сервис және кәсіби дайындық колледжінің бағдарламашы-оператор маман­дығында оқиды. 2011 жылы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөніндегі кешенді бағдарламаға сәйкес Шығыс Қа­зақстан облысында «Мейірім» акциясы басталған болатын. Бұл акцияның мақсаты – ата-анасыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту. – «Мейірім» акциясы аясында атқарылған жұмыстарды бүгінгі баспана тойымен қорытындылап отыр­мыз. 2011 жылы қабылданған бағ­дарламаны жүзеге асыру 2015 жыл­ға дейін жоспарланған болатын. Алайда, облыс әкімдігінің бас­­тамасымен бұл бағдарлама әрі қарай жалғасын табады. Осы жылдар ішін­де жетім қалған балалардың маң­дайы­нан сипап, жан жылуын аяма­ған патро­наттық ұйымдарға шексіз риза­шылығымды білді­ре­­мін, – дейді облыстық білім басқар­­­­ма­сының басшысы Айжан Са­дықова. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі кезде шығыс өңірінде 3 мыңнан астам жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олардың ішінде 1900 бала патронаттық мекемелерге тіркеліп, қамқорлыққа алынды. Патронаттық тәрбие мен қолдау шеңберінде жекелеген тұлғалар мен кәсіпорындар балалардың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-та ашылған жеке есепшоттарына қаржы құйып келеді. Нәтижесінде, 2011 жылдан бері 478 бала жеке баспанаға ие болды. Кәмелет жасқа толған сайын аталған санаттағы балалардың бас­паналы болу көрсеткіші де арта түседі, дейді басқарма басшысы. – «Мейірім» акциясы аясында жетім және ата-ана қамқор­лығынсыз қалған балалар мен «Тұрғынүй­құрылыс­жинақ­банкі» АҚ және кәсіпорындармен ара­сында келісімдер бекітілді. Бұл акция тек баспанамен қамтып қана қоймай, оқуға да, жұмыс беруге де көмектеседі, – дейді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев. Оның айтуынша, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша берілген пәтердің шаршы метрі 77 мың теңге көлемінде бағаланды. Мұндай төмен баға еш жерде кездеспейді. 19 жастағы Азамат 2009 жылдан бастап банктегі есепшотына баспана құнының 2 пайызын жинапты. Жасөспірімдер үйі тәрбиеленушісінің баспаналы болуын жылдамдатқан патронаттық ұйымдар қатарында мемлекеттік мекемелермен бірге «Қазцинк» ЖШС, «Император» сауда орта­лығы сынды кәсіпорындар бар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.