ПЕТРОПАВЛ. 29 қаңтар. Қызылжар ауданының тұрғыны мемлекеттік қорық аумағынан жазықсыз дала жануарларына мылтық кезеп, бесеуін сұлатып түсірген. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen тілшісі хабарлады.
«Қызылжар ауданының 27 жастағы тұрғыны Долматово ауылы жанынан ұсталды. Оның көлігінің жүк салғышынан бес еліктің еті табылып, сараптамаға жіберілді. Браконьерден аңшы мылтықтары тәркіленді», – деді полицейлер.
Бүгінде аңшыға қатысты Қылмыстық кодектің 337-бабы (заңсыз аңшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ол енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (10 миллион теңге) айыппұл төлеуі мүмкін.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.