алдағы жазда пайдалануға берілмек
Текес ауылында осыдан оншақты жыл бұрын бой көтерген мешіт үйінің құрылысы қаражат тапшылығынан жарым жолда тоқтап қалған еді. Әрі өткен, бері өткеннің көзіне шыққан сүйелдей мүшкіл хал кешіп тұрған сол қасиетті шаңырақтың айналасы өткен жаздан бері дүбірге толып, жөндеу жұмыстары қайта жандана бастады. Әрине, оны қолға алып отырған бай да, бағлан да, жақсы да, жайсаң да емес. Осы ауылдың аузында Алласы, көкірегінде иманы бар, бес уақыт намазын қаза қылмайтын Нұрлан Абыханов, Ғабит Байсақалов, Ерғанат Таубалдиев, Алмас Нүсіпбеков, Мақсат Жанпейісов секілді қарапайым ғана жігіттері.
Қастерлі шаңырақтың қамқор қолдың қайырына зәру болып, мүсәпір күйге түсіп тұрған көрінісі Алланың ақ жолында жүрміз дейтін жігіттердің жан-жүрегін жай таптырмаса керек. Өзара ақылдасып, сауапты іске мұрындық болуға бел байлайды. Мешіттің іші-сыртын аралап көріп, ендігі жұмысына жұмсалатын қаражат көлемін анықтап алады. Содан кейін ауыл жұртының басын қосады. Оған ауыл басшылары мен елдің жайы десе бүйірлері бүлкілдейтін ақсақал-қарасақалдарды да араластыра, ойларын ортаға салғанда, барлығы да бірауыздан қолдау білдірген-ді. Жаратқанның жақсылығынан үмітті жамағат мұндайда аянып қалсын ба. Қуана құптады. Бірі қойын, бірі тайын, енді бірі тана-торпағын атап, қалталысы ақшаларын ұсынып, әжептәуір қаражаттың басы біріккен. Жиналған малды ақшаға, ақшаны затқа айналдыра білген жігіттер құрылысқа қажетті материалдарды сатып алып келді де, сауапты іске кірісті де кетті. Нәтижесінде сыртының жауын мен күнге қақталып мүжілген жерлері ақталып-сыланып, қайта қалпына келтірілді. Төбесінің майысқан белағаштары да ауыстырылып, шатыры қаңылтырмен көмкерілді. Аспан түстес күмбезі мен азан шақыратын мұнарасы да күншілік жерден көз тартатын дәрежеге жеткізілді. Сол сияқты Мешіт ішіндегі 200 адам бір мезгілде намазға тұратын, әйелдер намаз оқитын, имам жұмыс істейтін бөлмелер де дін талабына сай қалыпқа түсіп келеді. Жақында ғана орнатылған жылу жүйесі де жаңашылдығымен ерекшеленеді. Майды да, көмірді де қажетсінбейтін жылу қазандығы электр қуаты арқылы жұмыс істейді. Жылу қазандыққа қосылған түтікшелер арқылы еден астынан жіберілген. Мешіт іші осылайша қақаған қыста да құрқылтайдың ұясындай қыз-қыз қайнап тұрмақ.
Мешіттің жөндеу жұмыстарына ешкім сырттан маман іздеп сабылған жоқ. Барлық жұмысты құрылыстан хабары бар ауыл жігіттері өздері-ақ тындыруда. Сондықтан да мұндағы әр минут, әр сағат еселі еңбекке толы.
Иә, Текестегі жаңа Мешіттің құрылысы күн өткен сайын қарқын алуда.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы.