• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2016

Солтүстік Қазақстанда жылыту кабельдерін шығаратын зауыт ашылды

479 рет
көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. 1ақпан. Қызылжар өңірінде биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде бірінші жоба іске қосылып, жылыту кабельдерін  жасайтын зауыт салтанатты түрде ашылды.  Бұл туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына сілтеме жасаған еgemen.kz тілшісі хабарлады. Зауыттың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов индустриялық-инновациялық саланы дамыту  басым бағыттардың бірі болып  табылатынын, аймақ  шетелден инвестициялық қаржы тартуда республикада бірінші орынды иеленетінін, екінші бесжылдықта 16-шы жобаның пайдалануға берілгенін жеткізді. Әлемнің 60 елімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан BARTEC компаниясы басшылығының ТМД бойынша кабельдің осы түрін шығаратын алғашқы кәсіпорынды тұрғызу үшін теріскейді таңдап алуына шекаралас аймақта орналасуы ықпал еткен. Оның құрылысына 600 миллион теңге қаражат бөлініп, айына 250 мың метр  кабель өндіру жоспарланған. Германиядан, Швейцариядан және Франциядан әкелініп, орнатылған заманауи технологиялар экологиялық жағынан таза өнім шығаруға бағдарланған. Алғашқы кезеңде 15 адам жұмыспен қамтылса, толық қуатына қосылған кезде қосымша  30 жұмыс орны ашылады. «Жылыту кабельдерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық , мұнай, газ, химия, фармацевтика салаларына кеңінен пайдалануға болады. Жасалу технологиясы халықаралық талаптарға сай келетіндіктен, қауіпсіз саналады», – дейді BARTEC компаниясының атқарушы директоры Хайк Лаубхаймер Өмір Есқали. Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы.