АЛМАТЫ. 1 ақпан. Бүгін кешке Алматыдағы «Мега» ойын-сауық-сауда орталығының Chaplin Cinemas кинозалында толықметражды «Мезет немесе жай ғана өмір» көркем фильмінің тұсаукесері өтеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Мезет немесе жай ғана өмір» фильмі – бұл республикадағы ең жас режиссерлердің бірі, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақжол Әбіловтің дебюттік жұмысы екендігін айта кеткен жөн.
Фильмдегі басты рөлді танымал актер Нұржан Садыбеков ойнайды. Одан өзге бас кейіпкерлер қатарында Нұржан Тұтов, Гүлбахрам Байбосынова, Алмат Сақатов, Ерден Телемісов, Азат Сейтметов сынды белгілі актерлер бар.
Жаңа отандық кинокартина көпшілікке аса танымал емес бірқатар жастардың өнерге деген өзіндік жолдамасы болмақ. Шынайы оқиғаға құрылған сценарий Ардақ Қарықболовамен бірлесіп жазылған.
Фильмнің тұсаукесер салтанатына ақпарат құралдары өкілдерінен басқа, мәдениет, спорт саласындағы қоғам қайраткерлері, актерлер қатысады деп күтілуде.
Тұсаукесер барысында фильм авторлары сценарий құру, үрдіске қажетті құралдар, техника және түсірілетін елді-мекендер іздегені жөнінде әсерлі әңгімелерімен бөліспек. Сондай-ақ, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Нұржан Садыбеков басты рөлді мардымсыз ақыға ойнауға неліктен келіскендігі жайлы баяндап береді.
Айнаш Есали.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: brod.kz.