АСТАНА. 1 ақпан. 31 қаңтар күні Қапшағай қаласының Аэроұтқыр әскерлеріне қарасты 32363 әскери бөлімінде 1992 жылы туған кіші сержант Асхат Қазақпаев өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ақпары бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады. Ол постта басынан жарақат алған күйінде табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша Асхат Қазақпаевтың телефон арқылы екі хабарлама жібергені анықталды. Оның бірі – туыс қарындасының күйеуіне жіберілген. Хабарламада: «Туыстарым, барлығы үшін мені кешіріңіздер, ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, мен жоспарлап, осылай шешуге бел будым. Мені кешіріңіздер. Анама бас-көз болыңыздар. Мен барлықтарыңды қатты жақсы көремін», делінген. Екінші хабарламаны Гүлсара Исмаилова есімді қызына жіберген. Онда сержант: «Өтінемін кешір мені, мен осылай болғанын қаладым», деп жазыпты.
Қыздың айтуы бойынша кіші сержант Қазақпаев ақшадан қиналып жүрген анасының несиесін төлеп келген. Одан басқа туыс інісінің айтуынша, ол демалыс кезінде екі рет асылу және күре тамырын кесу арқылы өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Бұның бәріне анасы екеуінің арасындағы ұрыс-керіс себеп болуы мүмкін.
Әскери бөлімде қайтыс болған сержантқа жақсы мінездеме беріп отыр. Қаруластарының айтуынша, кіші сержант командирлермен және жеке құраммен ұрыс-керіске бармаған.
Қазіргі уақытта осы іс бойынша тергеу жүргізілуде.
Дастан Кенжалин.
Дерек: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.
Сурет: egemen.kz