• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Мүмкіндіктер сараланған кездесу

252 рет
көрсетілді

Қазақстан Респуб­лика­сының Таиланд Корольдігіндегі елшісі Марат Есенбаев Таиланд Сауда министрі Апиради Тантрапорнмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты пі­шімдегі өзара әрекеттестіктің болашағын талқылады. Қазақстан елшісі тай министрін Қазақстанның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабардар етіп, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шең­беріндегі бағдарларымен таныс­тырды. А.Тантрапорн «Қазақстан мен Таиланд сауда және инвестиция сала­ларындағы өзара әрекеттестікті кеңейтуде жоғары әлеуетке ие еке­нін» атап өтті. Сонымен қатар, министр Қазақстанды Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіруімен құттықтап, елдер арасындағы сауда-экономикалық алмасуды әртараптандыруға ниет білдірді. Тараптар АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қау­ым­дастығы) Экономикалық қауым­дас­­тығы мен Еуразиялық эконо­микалық одақ шеңберіндегі серік­тестік мүмкіндіктерін де талқы­лады. Таиланд Сауда министрі ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттермен Еркін сауда туралы келісімге оты­ру мүмкіндігін талқылауға ниет білдірді. Келіссөздер барысында тараптар екі ел кәсіпкерлеріне байланыс орнатуда қолғабыс етудің маңыздылығын атап өтті. Сұхбаттастар жаһандық экономиканың құлдырауы кезіндегі бизнес белсенділігі, серіктестер іздеу мен жаңа жобаларды іске асыру елдер экономикасы өсуінің маңызды қозғалтқышы болып табылады деген ортақ пікірге келді. Осы мақсатта жаңа сауда-инвестициялық жобаларды талқылау үшін биыл Қазақстанға сауда миссияларының сапарларын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Егемен-ақпарат».