• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Қаражат мөлшері бекітілді

290 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлері бекітілді. Қаулы жобасымен таныстырған ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоостың айтуынша, еліміздің «Сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарының депутаттығына тіркелген әрбір кандидатқа бюджеттен үгіт шаралары мен көліктік шығыстарға 245 мың теңге, ал қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына кандидатқа 153 мың теңге бөлінеді. «Оның ішінде облыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттары депутаттығына кандидаттарға телеарналардан сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, сөз сөйлеу үшін 70 мың теңге, қалалық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 36 мың теңге қарастырылды. Облыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттары депутаттығына кандидаттарға радиолардан сайлауалды бағдарламамен сөз сөйлеуге 20 мың теңге, қалалық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 7 мың теңге бөлінеді, – деді ОСК төрағасының орынбасары. В.Фоостың атап өтуінше, об­лыстық, Астана мен Алматы қалалық мәс­лихаттары депутаттығына кандидаттарға басылымдарда екі мақала жариялау үшін 85 мың теңге, қалалық және аудандық мәс­лихат депутаттығына кандидаттарға 62 мың теңге қарастырылған. «Об­лыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттары депутаттығына канди­даттарға жария сайлауалды шараларын өткізуге және үгіт-насихат материалдарын шығаруға 25 мың теңге, қалалық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 25 мың теңге бөлінеді. Облыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттары де­путаттығына кандидаттардың көлік шығыстарына 45 мың теңге, қала­лық және аудандық мәслихат депутат­тығына кандидаттарға 20 мың теңге қарастырылған», – деді ол осы жөнінде. Отырыста, сондай-ақ, Астана мен Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссияларының жаңа мүшелерінің тағайындалғаны хабардар етілді. ОСК мүшесі Марат Сәрсембаевтың айтуынша, Астана қалалық сайлау комиссиясының шығып қалған мүшесінің орнына Александр Шефер, Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының шығып қалған мүшесінің орнына Владимир Пак тағайындалған.