Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен брифинг барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов мәлімдеді.
«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабының құрамына танымал партия және қоғам қайраткерлері, партияның Саяси кеңесінің мүшелері кіргенін айтты. Өткен сайлау науқандарына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтармен қатар, штаб құрамына жастар ұйымдарының белсенді өкілдері де кірген. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Нұр Отанның» сайлауалды штабын Асқар Мырзахметов басқарды.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ, партияның кезектен тыс XVІI съезінде Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауына арналған партиялық тізім бекітіліп, жаңа сайлауалды бағдарламаның қабылданғанын еске салды.
«Штаб жұмысының міндеті – «Нұр Отан» партиясының парламенттік және мәслихаттар сайлауларында айқын жеңісіне қол жеткізу», – деді А.Мырзахметов.
Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясы биліктегі басымдыққа ие және жауапкершілігі мол саяси күш ретінде өз сайлауалды бағдарламасында жаңа үдерістерге жауап беретін және бірлік, тұрақтылық пен жасампаздықты қамтамасыз етуге бағытталған Елбасы анықтап берген мемлекеттік бағдарды жүзеге асыру жөніндегі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін нақты межелерді белгіледі.
Бүгінгі таңда партияда түрлі әлеуметтік топтарға жататын тұрғындармен нақты іс-қимыл жоспары әзірленіп, республикалық желілік кестесі қабылданып, медиялық жоспар бекітілді.
Еліміздің барлық өңірлерінде сенімді өкілдер мен партия белсенділерінің жұмысын үйлестіретін дәл осындай сипаттағы 16 аймақтық және 208 аумақтық штаб құрылмақ. Олардың құрамына 3,5 мыңнан аса адам кіреді. Барлық штабтардың жұмысына 29 мыңнан астам сенімді өкіл, сондай-ақ, 27 мыңнан астам партия белсенділері қатысатын болады.
Сәулебек БІРЖАН.