• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Қазақстандық модель

1850 рет
көрсетілді

шетелдіктер тарапынан жоғары бағаланып отыр

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың Румыния Парламентінің депутаты, Румыния Демократиялық либералдық партиясының мүшесі Ионаш-Флорин Урканмен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдениетаралық үнқатысуды одан әрі дамыту мәселелері, гуманитарлық өзара іс-қимылдың маңызды бағыттары талқыланды. Кездесуге қатысушылар ҚХА-ның халықаралық серіктестігі шеңберінде іс-қимыл жасау, қоғамдық келісім мен жал­пыұлттық бірліктің қазақ­стан­дық үлгісінің ерекшеліктері мәселелері туралы пікір алмасты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық келі­сі­мінің моделі БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты аса беделді халық­аралық ұйымдарда талқыланып, қолдауға ие болды. Бүгінгі күні бұл модель туралы білгісі келетіндер, оның көптеген қыр­ларын зерттегісі келетіндер көп. Тек өткен жылы ғана мен осы мәселемен шетелдік 24 делегацияны қабылдап, келіс­сөз жүргіздім, деді Ералы Тоғжанов кездесу барысында. Өз тарапынан мейман да бұл іске қызығушылық білдіретінін жеткізді. Мен сіздердің этносаралық бағытта жүргізіп жатқан жұмыстарыңызбен ҚХА-да таныса келіп, бұл тарапта аз жұмыс істелмегеніне көз жеткіздім. Осы жұмыс­тың бәрі Қазақстан халқының тыныш­тығы мен тұрақтылығын сақтауға арна­лып отырғаны айқын аңғарылады, деді ол. Сөзінің қорытындысында И-Ф.Ур­кан этносаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның оң тәжірибесі басқа­ларға үлгі болатынын атап көрсетіп, Пре­зидент Н.Назарбаевтың жүргізіп отыр­ған бейбітшілік пен келісім саясатын Ру­мынияның жоғары бағалайтынын айтып өтті. Қазақстан мен Румыния арасындағы парламентаралық байланыстар нығая түсуде. Екі елдің парламенттік делега­циялары бір-біріне қатынасып, өзара ынтымақтастық орнатқанына бірша­ма жыл болды. Бұл екі елдің эконо­ми­калық ынтымақтастығына өріс ашатын қадамдар болса, мәдениетаралық бай­ла­ныстар қазіргі уақытқа дейін тіпті жандана түскен. Былтырғы жылдың ая­ғында ғана Шәкен Айманов атын­дағы «Қазақфильм» киностудиясы Қазақ­станның Румыниядағы елшілігі мен «КМГ Интернешнл» компаниясының қолдауымен Бухаресте 4 күнге созылған кинофестиваль өткізіп келді. Фестивальға апарған картиналардың арасында «Елбасы жолы», «Балалық шағымның аспаны» атты Н.Назарбаев өміріне арналған кинофильмдер де алғашқы күні көрсетілді. Ал киноэпопеяның басқа бөлімдері келесі күндері ұсынылды. Сонымен қатар, қазақстандық танымал кинорежиссерлердің әр жылдары түсірілген 9 кинофильмі румыниялық көрермендердің назарына ұсынылып, өздерінің лайықты бағасын алды. Бухаресте қазақстандық кино­фес­тивальдің өткізілуі екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың дәстүрін одан әрі тереңдете түсті. Ал оған дейін қазақ­стандық өнерпаздар Румынияда жыл сайын өткізіліп тұратын Дж.Энеску атын­дағы классикалық музыканың фести­валіне қатысып отыратын. Олардың ара­сында пианист Әмір Тебенихин, скрип­кашы Жібек Мүсірғалиева және т.б. болған еді. Ал былтырғы 5 желтоқ­санда Бухаресте скрипкашы Арман Мырзағалиев өнер көрсетті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».