• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды

247 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов журналис­терге брифинг өткізіп, Мәжіліс және мәслихаттар сайлаулары жөнінде хабардар етті. ОСК басшысының айтуынша, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 8 ақпанда кандидаттарды ұсыну аяқталды. «Кандидаттарды ұсыну іс-шаралары Конституцияға және сайлау заңнамасына толық сәйкестікте өтті. ҚР ОСК-ға барлығы 6 саяси партияның – «Нұр Отан» партиясының, Қазақ­стан­ның «Ақ жол» демократиялық пар­тиясының, «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партия­сының, Қазақстан Ком­мунистік халық партиясының, Жал­пыұлт­тық социал-демократиялық пар­тиясының және «Бірлік» саяси партиясының тізімдері, жалпы саны 234 кандидат ұсынылды. Қа­зіргі уақытта «Нұр Отан» пар­тиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның және ҚКХП-ның партиялық тізімдері тіркелді», – деді Қ.Тұрғанқұлов осы мәселе жөнінде. Кандидаттар құрамында он ұлт­тың өкілі бар. Тіркелген кан­ди­дат­тардың 80 пайызы ер адамдар, 20 пайызы әйелдер. Кандидат­тар­дың 99 пайыздан астамы жоғары білімді. Партиялық тізімін тіркеген пар­тиялар сайлау қорларына қара­жат жинау үшін арнайы шот­тарды ашу жөнінде жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, саяси партиялардың және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын тіркеу де жүргі­зілуде. ЖСДП және «Бірлік» партия­ларының тізімдеріне енгізіл­ген кандидаттарға қатысты қазіргі уақытта олардың Конституцияның және «Сайлау туралы» Заңның талаптарына сәйкестігін тексеру жалғастырылуда. Орталық сайлау комис­сиясы­ның төрағасы Қуандық Тұр­ған­құловтың хабардар етуінше, ОСК мен аумақтық сайлау ко­мис­сиялары сайлауды ұйымдастыру­шы­ларды оқыту жөніндегі жұмыс аясында 407 семинар, кеңес және тренинг өткізген. «Сайлау үдерісіне облыс, қала және аудан деңгейінде барлық қатысушылар үшін тағы 573 семинар өткізу жоспарланып отыр», – деді ол әрі қарай. – Жуық арада Орталық сайлау комиссиясы үгіт науқанын өткізу мәселелері жөнінде екі семинар ұйымдастырады. Біреуі республикалық БАҚ басшылары үшін, ал екіншісі сайлауға қатысатын саяси партиялардың өкілдері үшін». Оның айтуынша, сайлауға қатысты ОСК-ге келіп түскен барлық өтініштерге уақтылы жауап берілген. Бұдан кейін Қуандық Тұрғанқұлов электораттық науқан басталғаннан бері ҚР ОСК-ге жеке және заңды тұлғалардан 25 өтініш келіп түскенін атап өтті. «Олардың 52 пайызы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөнінде, 48 пайызы мәслихаттар депутаттарын сайлау жөнінде болды», – деді ол. Орталық сайлау комис­сия­сының электронды мекенжайы­на 10 өтініш жолданыпты. Олар­дың тоғызында сайлау заңна­масы­ның нормаларын түсіндіру айтыл­са, тағы біреуі сайлау комис­сия­ларының қызметін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты өтініш көрсетілген. Қ.Тұрғанқұлов, сондай-ақ, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысы туралы да ақпарат беріп өтті. Жергілікті өкілді билік органдарына дауысқа түсетін азаматтардың белсенділігі жоғары екендігін атап айтты. Оның айтуынша, 2012 жылғы сайлау науқанымен салыстырғанда, бұл жолы алғашқы 20 күннің ішінде ұсынылған кандидаттардың саны екі есеге өскен. «8 ақпандағы сағат 19-00-дегі мәліметтер бо­йын­ша барлық деңгейдегі мәсли­хат­тар депутаттығына 4870 канди­дат – 581-і – облыстық мәслихат­тарға, 21-і – Астана қаласы­ның мәслихатына, 95-і – Алматы қа­ласының мәслихатына ұсынылды. Аудандық мәслихаттарға 3244 кандидат, қалалық мәслихаттарға – 929 кандидат ұсынылды», – деді ол осы туралы. ОСК басшысының келтірілген мәліметтеріне қарағанда, кан­ди­даттардың 69 пайызы ер адамдар, 31 пайызы әйелдер. Олардың 66 пайызының жоғары білімі бар. «Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 568 кандидатты тіркеді», – деді сөзінің соңында Қ.Тұрғанқұлов. Кеше, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының төра­ғасы Қуандық Тұрғанқұлов пен «Қа­зақ­стандағы сайлау­ды бай­қау жө­ніндегі респуб­ли­калық қоғам­дық комиссия» респуб­ли­калық қоғам­дық бірлестігінің (СБРҚК) төр­­- ағ­асы Нұрлан Ерімбетов кездесті. Орталық сайлау комис­сия­сының басшысы Парламент Мәжілісінің және мәсли­хаттары­ның депутаттарын сайлауды өткізуге дайындық жөніндегі ОСК жұмысымен таныстырды. «Сайлау үдерісін байқауды жүзеге асыратын ұйымдармен ынтымақтастық – сайлау науқанының жариялы әрі ашық ахуалын қамтамасыз ету жөніндегі Ортсайлауком қызметі бағыттарының бірі», – деді Қ.Тұрғанқұлов. Ал Н.Ерімбетов Ортсайлауком мүшелерімен және сайлау органдарымен ынтымақтасуы тығыз әрі пайдалы болатынына сенім білдірді. «Біздің қызметіміз сайлау үдерісінің айқындығын, сайлаушылардың өз қалауын еркін білдіруін, сондай-ақ, сайлау науқанына барлық қатысушылар үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол. Қ.Тұрғанқұлов ОСК мен қо­ғам­дық бірлестік арасында өзара іс-қимыл тәжірибесі бар екендігін айта келіп, «СБРҚК сарапшыларының заң бұзу­шы­лықтар туралы бізді жедел ақпарат­тандыруы маңызды. Ол бізге уақ­тылы әрекет жасауға, сондай-ақ, алдағы уақытта оларды болдырмау шараларын пысықтауға мүмкіндік береді», – деді. Кеше, сондай-ақ, «Қазақ­стан Рес­публикасында сайлауды бай­қау жөніндегі респуб­ли­ка­лық қоғамдық комиссиясы» рес­публикалық қоғамдық бірлес­тігінің мүшелері «Ақ жол» партия­сының сайлаудағы штабында болды. Ондағы комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов, комиссия мүшесі Аманқұл Серікбаев және «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың кездесуінде алдағы сайлау науқанына қатысты, оның ішінде сайлау үдерістерінің әділ және ашық өтуіне байланысты әңгіме қозғалды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».