Астрономдар Тоқты шоқжұлдызынан тығыздығы текше сантиметріне 7,89 грамды құрайтын BD+20594b атты өзгеше бір планетаны тапты. Осыған қарап, оның Нептун секілді шағын емес, Жерге ұқсас алып екенін байқауға болады. Мұны Корнелл университеті электронды кітапханасында орналасқан мақала авторлары кеңінен әңгімелеп береді.
Соңғы жылдары ғалымдар Күн жүйесінің сыртында диаметрі Жерді бірнеше есе орап алатын ондаған, әлде жүздеген ірі экзопланеталардың бар екенін анықтап шықты. Кезінде олардың ашылуының өзі қаншама талас-тартысқа толы болды. Пікірталастар негізінен олардың «Супер-Жер» тәріздес тасты немесе шағын Нептунға ұқсас газды екені төңірегінен өрбіді.
Осы орайда Чили астанасы – Сантьягодағы Католик университетінің профессоры Нестор Эспиноза мәселенің бұл тектес планеталар көлемін өлшеп шығудың аса қиынға соғатынынан туындайтынын айтты. Аққан жұлдыздардың планеталар жанынан өтуі кезіндегі жарығын бақылайтын «Кеплер» тектес телескоп мұны дәл анықтап бере алмайды. Ал планеталар тартылысы арқылы қозғалысқа түсетін шырағдандардың спектрі жылжуын зерттейтін HARPS рәуіштес спектрографтар бағаны мейлінше қате береді.
Соған қарамастан, соңғы 10 жылдың беделінде әлдеқандай мәліметтер жиынтығын жинап үлгерді. Осы сараптамалардың негізінде планетологтар енді радиусы Жер диаметрінің жартысынан 1,6 есеге асып түсетін барлық планеталардың «супер-Жер» емес, «мини-Нептун» болып табылатыны жөнінде ұйғарым жасасты.
Эспиноза мен оның әріптестері «Кеплердің» HARPS спектрографы көмегіне сүйене отырып, өткен жылғы көктемде Тоқты шоқжұлдызын бақылау барысында жинап берген барлық мағлұматтарын өзара тексере келіп, бұл теорияны тікелей теріске шығаратын жаңа тұжырымға тоқталды. Бұл мәліметтерден ғалымдар Жерден барлығы 500 жарық жылы шамасындай қашықтықта орналасқан күн тектес BD+20594 ірі планетасының әдеттен тыс тіршілігінің ізін тапты. Зерттеушілердің есептеулері көрсеткендей, бұл нысан диаметрі Жерден шамамен екі еседей үлкен, ал массасы біздің планетадан 16 еседей ауыр.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.