• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Жас спортшылар сайысқа аттанды

260 рет
көрсетілді

Енді екі күннен кейін Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ Қысқы Олимпия ойындарының алауы тұтанады. Соған орай кеше Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде дүбірлі додаға қатысатын қазақстандық делегацияны шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы отандық спорттың бүгінгі жай-күйі жөнінде сөз етіп: «Елбасының тікелей қамқор­­лығы­ның арқасында Қазақ­стан спорты әлемдік аренадағы өзіндік орнын алды. Қазіргі таңда біздің спортшылар кез келген ірі жарысқа қатысып қана қоймай, тұрақты түрде жүлделі орындардан көрініп жүр. Ересектерімізден бөлек, жастар мен жасөспірімдер де жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мұ­ның бәрі еліміздің спорттағы жетістіктерін арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстардың жемісі», – деді. Сондай-ақ, ол жас спортшыларымыздың алда­ғы сыннан сүрінбей өтулеріне тілек­тестігін білдірді. Өз кезегінде аталған минис­трліктің Спорт және дене шынық­тыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Қазақстан құра­масының бұл байрақты бәсе­кеге қатысу үшін спорттың 9 тү­рінен 20 жолдама жеңіп алға­нын айтты. Оның сөзіне қара­ғанда, қазақстандықтар биатлон, коньки, шаңғы, тау шаңғысы, шана, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, фристайл (ски-кросс) және тұғырдан шаңғымен секіру спорт түрлерінен жүлдеге таласады. Шара соңында А.Мұхамедиұлы Олимпиаданың ашылу салтанатында қазақстандық делегацияны бастап шығатын спортшы – шорт-тректен команда мүшесі Еркебұлан Шамұхановқа Мемлекеттік туды тапсырды. Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы ІІ Қысқы Олимпиада 12-21 ақпан аралығында өтеді. Сайысқа әлемнің 70 елінен 1100-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Олар спорттың 16 түрінен 70 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жалпы, жасөспірімдердің Қысқы Олимпиадасы алғаш рет 2012 жылы Австрияның Инсбрук қаласында өткен болатын. Ол кезде Қазақстан спортшылары сайыстың 10 түрі бойынша сынға түсіп, бір – күміс және екі қола медальға қол жеткізді. Осы нәтижемен Қазақстан жалпы­командалық есепте 23-орынға табан тіреген еді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан». Астана.