• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Құрық порты тауар тасымалын арттырады

256 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының шеңберінде салынып жатқан «Құрық» кешенді паром портының құрылыс жұмыстары мен теміржолдың маңызды нысандары жөнінде айтты. Қазіргі таңда әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамай Қазақстан инфрақұрылымдық бағдарламаларын жалғастырып жатқанын айтқан комитет төрағасының орынбасары, Каспий теңізінің жағалауында бой көтерген «Құрық» портының маңызы жөнінде әңгімеледі. Бүгінгі күнде жүкті жөнелтіп әрі қабылдауда барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып отырған «Ақтау» порты қазіргі транзиттік тауар ағынын игеруге мұршасы болмай отырған көрінеді. Сол себептен, салынып жатқан «Құрық» кешенді паромдық порты Аспанасты елінен Батыс Еуропаға жол тартатын жүк керуендерін Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, одан әрі Түркия арқылы көзделген мемлекеттерге жеткізуге септесетін болады. Порттың салынуы еліміздің транзиттік мүмкіндігін арттыра түсетінін тәптіштеген Д.Потлов, кешенді нысанның аса пайдалы тұстары туралы айтып өтті. «Кешенді «Құрық» паромдық порты Қытай мен Еуропа арасында жасалып жатқан жаңа транзиттік дәліздің маңызды орталығының бірі болады. Бұған дейін «Арқалық – Шұбаркөл» және «Бейнеу – Жезқазған» теміржол магистральдарын жүзеге асырғанымыз белгілі. Енді «Құрық» стансасы іске қосылса және портқа таяу жерге салынатын зауыттар бой көтерсе ел бюджетін молайта түсетіні анық. Бұған қоса, осы жерден су көліктерін жөндейтін және оған қажет қосалқы бөлшектер жасап шығаратын зауытта салынады. Бұл шара «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асырумен қатар, тәуелсіздігіміздің де іргесін нығайта түседі. Сондай-ақ, бүгінде құрылыс жұмыстарында 500-ден астам адам жұмысқа тартылған болса, порт пайдалануға берілген соң 100-ден астам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі», деді. Оның сөзіне илансақ, кешенді паромдық порттың және оған тиесілі нысандардың құрылысы жоспарға сай жүргізіліп жатыр екен. Одан кейін сөз алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың Теміржол желілері құрылысы жөніндегі дирекциясы филиалының директоры Бақыт Қарсақбаев журналистердің сұрағына орай, елорданың жаңа теміржол вокзалы 2017 жылдың көктемінде салынып болып, пайдалануға берілетінін айтты. «Бұл жобаны ҚТЖ жүзеге асыруда. Құрылыс нысандары келер жылдың сәуір айына дейін салынып бітеді. Осы тұрғыда вокзалдың үлкен терминалы бар ғимарат және оған кіретін 2 шақырымнан астам эстакада қамтылады», деді ол. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».