• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Атырау кәсіпорындары

767 рет
көрсетілді

жоғары оқу орындарын бітіретін жалғызілікті түлектерді жұмысқа орналастыруға ынта танытты Атырауда төрт жылдан бері «Сәтті қадам» жобасымен жоғары оқу орындарының түлектерін ірі кәсіп­­­орындарға әуелі іс-тәжірибеден өткізу жобасы қолға алынып келеді. Мәселен, «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Асқар Бопылдықовтың айтуынша, өткен жылы осындай жо­баға 60 түлек қатысқан. Үш айлық іс-тәжірибеден өтуге тартылған олар­дың дені өз бетімен жұмыс тапса, 2 түлек қана жоба бойынша тұрақты жұмысқа тартылыпты. Енді биыл бұл жобаға ата-ана қамқорлығынсыз қалған түлектерді тарту көзделіп отыр. Осыған орай «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалы мен үш ірі кәсіп­орын – Атырау мұнай өңдеу зауыты, Атырау темір-жол бөлімшесі және «ҚазТранГаз» компаниясының өңірлік филиалы арасында мемо­рандумға қол қойылды. Түлектердің іс-тәжірибеден өтуіне ынта танытып отырған кәсіпорынның бірі – Аты­рау мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де студенттерге қолдау көрсететіндердің қатарынан сана­лады. Былтыр бұл кәсіпорын 340 студентті тәжірибеден өткізіпті. Атал­ған кәсіпорынның персоналдармен жұмыс және еңбекақы төлеу басқармасының бөлім басшысы Әсел Жайлашованың айтуына қарағанда, мұнай өңдеу зауытына химиялық технологиялар мен органикалық заттар және машина құрастыру мамандықтарын меңгерген түлектер көбірек қажет етіледі. Кәсіпорын елімізде осындай мамандықтарды дайындайтын бірнеше жоғары оқу орындарымен келісімге сай студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне қол­дауын көрсетіп келеді. Ал «Қазақ­стан темір жолы» ҰК Атырау жол бөлімшесінің бөлім басшысы Бауыржан Қартанның айтуына қарағанда, бұл салада логистиканы дамытуға басым бағыт ұсталып отыр. Сол себептен, Атырау мұнай және газ институтында темір жол көлігі саласына қажетті мамандарды бірлесе дайындауға көңіл аударылады. – Біз осы жоба арқылы жоғары оқу орнын бітірген түлектердің ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, келешекте жұмысқа тұруына атсалысуды көздедік. Бұрын түлек­тердің ынта танытушыларын жобаға тартқан болсақ, биыл ата-ана қам­қорлығынсыз қалған түлектерге басымдық беріп отырмыз. Бүгін кәсіп­орын ынта танытып, бізбен келісімге қол қойды. Енді осы айдың соңына дейін тағы да 20-ға жуық ірі кәсіпорындармен келісімге қол қою жоспарланып отыр. Олардың арасында ірі мұнай компаниялары, мемлекеттік мекемелер бар, – деді «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Асқар Бопылдықов. Атырау мұнай және газ инс­ти­тутының студенті Гүлханым Өтеш­­қа­лиева биыл материал тану және жаңа материалдар технологиясы мамандығын меңгеріп шықпақ. Бола­шақта мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда, соның ішінде, мұнай өңдеу бағытында жұмысқа орналасуды көздейді. «Өйткені, мұнай өңдеу саласында инновациялық және нанотехнологияларды қолдану қажеттігі туындап отыр. Өзім осыған үлесімді қосқым келеді», дейді ол. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».  АТЫРАУ.