Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВПЕН әңгіме.
– Ерлан Нұралыұлы, алдымен мына мәселені білгіміз келеді: еліміздегі орман-тоғай алқаптарының жалпы көлемі шамамен қанша гектардай болады?
– Қазақстан – орман-тоғайы аздау келетін мемлекеттер қатарына жатады. Деректерге сүйенетін болсақ, орман еліміз аумағының 4 пайыздан сәл ғана астам жерін алып жатыр. Оның өзінде орманды алқаптың тең жартысына сексеуіл екпелері отырғызылған. Еліміздің басым бөлігін қамтитын және орман өсіру жағдайларын қиындататын еліміздегі күрт құрлықтық климат орманды алқаптарды кеңейтуге, орман шаруашылығын дамытуға өзіндік қиындықтарын тигізетіні белгілі жайт. Дегенмен, соған қарамастан, еліміздің қай өңірін болсын жасыл желекке бөлеп, орман алқаптарын кеңейту – Ауыл шаруашылығы министрлігінің басымдық беріп отырған негізгі мақсаттарының бірі екенін атап өткім келеді.
Енді жаңа өзіңіз айтқандай, нақты деректерге келетін болсақ, 1993 жылы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 23 миллион 974 мың гектарды құраған еді. Оның 10 миллион 273,7 мың гектар жері орман-тоғаймен қамтылған болатын. Бүгінде мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 29 миллион 301,9 мың гектарға жетті. Соның ішінде орманмен қамтылған жер – 12 миллион 627 мың гектарды құрайды. Бұл – осы аралықта орманмен қамтылған жердің жалпы ауданы 2 миллион 353,3 мың гектарға көбейді дегенді білдіреді.
– Он бес-жиырма жыл ішінде орман алқаптарының көлемі едәуір артқан екен. Ал орман қорын ұлғайту барысында қандай жұмыстар жүзеге асырылды және қазір нендей іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
– Негізгілеріне тоқталып өтсем деймін. Жалпы, ормандарды қалпына келтіру – орман секторының басты басымдықтарының бірі болып саналады. «Қазақстан-2030» Стратегиясында және Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында осы мәселелерге ерекше басымдық беріліп келеді. Атап өтуге тиіспін, оның ішінде еліміздің аумағын экологиялық жағынан жақсарту бойынша ынталандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы мәселеге қатысты нақты мәліметтерге жүгінейін. Соңғы бес жылда орманды молайту және орман өсіру жайы 18 пайызға өскен екен. Өткен жылы ағаш отырғызу тәсілі бойынша 22,2 мың гектарға, ал еліміздің оңтүстік аймақтарында сексеуіл егу тәсілімен – 28,7 мың гектарға және табиғи түрде қайта жаңғыртуға ықпал ететiн шаралар жүргiзу тәсілімен 9,3 мың гектар алқапқа жұмыстар жүргізілді. Жалпылай алғанда, 2011-2015 жылдар аралығында 224 мың гектар жерге орман ағаштары отырғызылды. Сондай-ақ, бұған қоса «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасы негізінде кеуіп қалған Арал теңізінің табанында ағаш отырғызу тәсілі бойынша 47,1 мың гектар алқапқа және 9,3 мың гектар жерге ағаш тұқымын себу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында тамыр жүйесі жабық көшет материалын өсіру бойынша Қазақстанда теңдесі жоқ орман тұқымы кешені салынды. Оның өндірістік қуаты 3,87 миллион дана тамыр жүйесі жабық көшет материалын және 5,4 миллион дана тамыр жүйесі ашық көшет материалын өсіруге жетеді. Бұл кешен бүгінде 6 мың гектар жерді алып жатқан Ертіс өзені бойындағы көшеттерді көбейтуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қызметінің маңызды бағыттарының бірі – Елбасымыздың назарында тұрған Астана қаласының айналасында жасыл аймақ құру. Негізінен бұл бағыттағы жұмыс 1997 жылы басталды және бүгінгі күнге дейін 73 мың гектар жерге жасыл ағаш екпелері егілді. Болашақта техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, жасыл аймақ көлемін 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта ағаш тұқымдары егілген жерлерге күтім жасалып, тұрғындардың ойдағыдай демалуына жайлы жағдай жасау үшін ландшафттарды қалыптастыру жайы қолға алынбақ.
– Орман-тоғайдың жауы – өрт. Өткен 2015 жылы өрт осы салаға қаншалықты залал келтірді?
– Барлығымызға ортақ әрі өте өткір және өзекті мәселе жөнінде сұрақ қойып отырсыз. Жасыратыны жоқ, орман өрттері жасыл желек табиғатқа үлкен шығын келтіруде. Дегенмен, соңғы 13 жылда республика аумағындағы орман өртінің саны едәуір азайған. Мәселен, 2003-2004 жылдары өрт шығу оқиғасы 1057-1315 реттей болса, 2014-2015 жылдары орман өртінің саны 581-476-дай ғана болды. Келтірілген залал 2003 жылы 358 833 мың теңге, 2014 жылы 74 460 мың теңгені құраса, өткен жылы 119 041 мың теңге көлемінде болды. Ал өртке оранған жерлердің аумағы 2003 жылы 91 929 гектарды, 2015 жылы 9626,19 гектарды құрады. Осы деректер бұрынғыға қарағанда өрттің едәуір азайғандығын көрсетеді. Орман өртінің шығу саны мен көлемінің азаюына орман қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жылдан-жылға жаңартылуы әсер еткенін атап өткен жөн шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар, орман қорғау инспекторларының жергілікті төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімшелерімен, құқық қорғау мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеуі де үлкен септігін тигізді.
Жоғарыда атап өтілгендей, өткен 2015 жылы республиканың мемлекеттік орман қорының аумағында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 9626,19 гектар, оның ішінде орманмен көмкерілген 5604,85 гектар алқапта орман өртінің 476 оқиғасы болды. Одан келген залал 119,04 миллион теңгені құрады. Жалпы, еліміз бойынша Жамбыл (1628,9 га), Қостанай (1593,8 га) және Батыс Қазақстан (1139,5 га) облыстарында өрт ошақтары көбірек тіркелді. Ал орман-тоғай өрттері әртүрлі себептерге байланысты орын алатынын қалың көпшілік біледі деп ойлаймын.
– Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарлар мен балық түрлерін көбейтуге, сондай-ақ, оларды қорғауға байланысты қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Еліміздегі табиғи су айдындарын балық ресурстарымен толықтыру мақсатында соңғы 5 жылда мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары, оның ішінде Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттары, Қамыстыбас, Петропавл және Майбалық балық питомниктері, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, Қазақ өндірістік-жерсіндіру станциясы – 812 миллион данадан астам бекіре тұқымдас қортпа, бекіре, шоқыр, пілмай, сүйрік, ақсаха, тұқы және өсімдік жемді ақ амур, дөңмаңдай балықтарын өсіріп, су айдындарына жіберді. Сонымен бірге, 2010 жылдың 18 қарашасында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының ІІІ саммитінің қорытындысы бойынша бекіре тұқымдас балықтарды сақтау мақсатында Президентіміз Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды коммерциялық мақсатта аулауға мораторий енгізу туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Қазақстан 2010 жылдан бастап коммерциялық мақсатта бекіре тұқымдас балықтарды аулау жұмыстарын жүргізбейді.
Осы жерде тоқтала кетейін, 2014 жылдың 29 қыркүйегінде Ресейдің Астрахань қаласында өткізілген Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының IV саммиті кезінде Каспий теңізінің су-биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Онда барлық Каспий жағалауы мемлекеттерінің Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу тетігі қарастырылған.
– Ал аң мен құстың, бекіре-балық түрлерінің жауы – браконьерлер екенін өзіңіз жақсы білесіз. Осы өткір келеңсіздіктің күрес жайы қалай?
– Браконьерлікке жол бермеу, оның алдын алу мақсатында Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында еліміздің Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының бірлескен бұйрығы негізінде өткен жылы «Бекіре-2015» деп аталатын кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізілді. Акцияның нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 1048, оның ішінде өрескел сипаттағы – 179, балықты заңсыз тасымалдау бойынша – 84, балықты заңсыз сату бойынша – 12 хаттама толтырылды. Барлығы 834 адам, оның ішінде мамандандырылған әкімшілік сотпен 106 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Бекіре-2015» акциясын жүргізу кезеңінде 144 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 56 іс сот орғандарына жолданды. Акция барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларға 10 миллион 503 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынып, олардан мемлекет бюджетіне 7 миллион 693 мың теңге өндірілді. Сонымен бірге, тәртіп бұзушылардан 33 тонна 176 кило балық, оның ішінде 3080 кило бекіре тұқымдас балық және 19,9 кило бекіре тұқымдас балық уылдырығы мен 186 дана жүзу, 1207 дана аулау құралы алынды.
– Енді екі-үш жыл сайын бір дүрліктіретін «киіктердің қырылу» оқиғасына, оның ішінде өткен жылы орын алған киіктер өлімінің себеп-салдарын аттап өтуге болмас...
– Біз үшін бұл расында да өте үлкен проблема болды. Бұл жөнінде көптеген сыни пікірлер айтылды. Осыған байланысты мына мәліметтерді атап өтейін. 2015 жылғы 11 мамыр мен 5 маусым аралығында Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында Бетпақдала таралымындағы киіктердің жаппай өлім-жітімі тіркелген болатын. Өлген 150044 киік көмілді. Ал киіктердің өлім-жітімге ұшырау себебін анықтау мақсатында Ауыл шаруашылығы миистрлігінің 12 мамырдағы № 18-2/430 бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ғылыми ұйымдар мен мамандандырылған зертханалардың мамандары енгізілді.
Киіктердің өлім-жітімге ұшырау көлемін ескере отырып, ел Премьер-Министрінің 2015 жылғы 28 мамырдағы №48-Ө өкімімен киіктердің Бетпақдала популяциясының жаппай қырылуына байланысты қалыптасқан ахуал бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. 2015 жылғы 5 және 12 маусымда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың төрағалық етуімен жұмыс тобының отырыстары өткізілді. Осы отырыстардың қорытындылары бойынша, киіктердің өлу себебі пастереллез болды деген ортақ пікірге келді. Осы мәселе – ақбөкендердің жаппай қырылу себептерін анықтауымен ғылыми ұйымдар мен мамандандырылған зертханалар айналысты. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты дайындаған жалпы қорытынды бойынша, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарындағы киіктердің қырылу генезінде геморрагикалық септицемия немесе пастереллез басым болып, киіктердің қырылуына негізгі себеп болғаны және киіктердің қырылуына әкелген құбылыстар патогенезі бойынша жүргізілген зерттеулер негізінде кенелердің белсенділігінің артуы нәтижесінде дамыған тейлериоз, клостридиоз ағзаның резистенттігін қатты төмендететін бедерсіз немесе ілеспелі аурулар себеп болғаны анықталды. Киіктер үшін өлім қауіпіне соқтыратын инвазиялық және бактериялық аурулар келешекте егжей-текжейлі зерттеуді қажет етеді.
2015 жылғы 19 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде киіктердің өлім-жітімге ұшырауын анықтау бойынша жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Онда Білім және ғылым министрлігіне киіктер таралымдарын сақтау жөнінде республикалық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жұмыс тобын құру, жұмыс тобы жұмысының қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне киіктер таралымдарын сақтау жөнінде ғылыми негізделген практикалық ұсыныстарды беру ұсынылды.
Жұмыс тобы отырысының шешімімен Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған Бетпақдала таралымы киіктерінің өлу себептерін анықтау жөніндегі жұмыс тобының қызметі аяқталды. Әрі қарай Білім және ғылым министрлігі Білім комитетінің 2015 жылғы 18 қарашадағы бұйрығымен киіктер таралымдарын сақтау жөнінде ғылыми негізделген практикалық ұсыныстарды әзірлеу бойынша өз жұмыс тобын құрды. Содан кейін Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы киіктер таралымдарын сақтау жөнінде ғылыми негізделген практикалық ұсыныстар дайындады. Қазіргі уақытта оларды мүдделі мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар және мамандандырылған зертханалар пысықтауда.
– Ерлан Нұралыұлы, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтсеңіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, орман шаруашылығы саласынының алдында ауқымды міндеттер тұр. Солардың бірі – Астана қаласының жасыл аймағын құру бойынша жұмыстарды жалғастыру және оның көлемін 2020 жылға қарай 100 мың гектарға жеткізу, Семей орманы мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында орман тұқым кешенін іске қосып, оның өндірістік қуатын 3,87 млн. данаға арттыру және де оны іске қосу есебінен Ертістің бойындағы жалды қарағай ормандарын қалпына келтіру бойынша жұмыстардың көлемін жылына 8-10 мың гектарға дейін кезең-кезеңімен көбейту. Сондай-ақ, орман шаруашылығы және табиғат қорғау мекемелерінің, ішкі істер, оның ішінде төтенше жағдайлар ұйымдарының өзара іс-қимылын нығайтып, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғаларды ормандағы өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын насихаттауға тартуды алға қойып отырмыз.
Ал жануарлар дүниесі саласы бойынша – халықаралық табиғат қорғау ұйымдарымен ынтымақтастықты, Қазақстанда барысты, киікті, басқа да сирек кездесетін тұяқты жануарлар түрлерін сақтау бойынша жұмыстарды жалғастыру, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бағынысындағы бөлімшелер ҚР ІІМ Әкімшілік полициясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп жануарлар дүниесін сақтау және табиғат қорғау заңнамасын бұзушылармен қарсы күрес жүргізу, республикалық «Қансонар» қауымдастығымен аңшылық шаруашылықтарын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты республика көлеміне шығару, 2016 жылдың көктем және күзінде ҚР ІІМ киіктер таралған аймақтағы облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «Ел болып киікті сақтайық!» атты табиғат қорғау акциясын өткізу. Алда тұрған мақсат-міндетіміздің бір парасы, міне, осы болып тұр.
Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласында құнды балық түрлерінің жасанды өсімін молайту бойынша жұмыстарды жалғастыру, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығын, Петропавл және Майбалық балық питомниктерін, Қазақ өндірістік-жерсіндіру станциясын республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарын жекешелендіруге дайындауды қамтамасыз ету. Мұнымен қоса, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын қайта жаңарту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін түзету бойынша жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».