...Анатөлі Құлназаровтың жастық шағы Риддер қаласында өтті. Әкесі Қожекен қазақ жастары арасында алғашқылардың бірі болып металлург мамандығын меңгерген. Кейіннен Анатөлі Ұлан ауданының Шымқора ауылына қоныс аударды. Көзге ыстық бұл елді мекенде мен де тұрдым. Бала кезімізде Айыртауда өткен сабантойда өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкерлеріміз атпен жарысып, одан озып келгенін көзбен көргенде таңғалғанбыз. Содан болса керек әлі күнге Анатөлі ағаға деген құрмет пен ілтипат суи қойған жоқ.
Мектепті бітірген соң желаяқ жігіт Өскемендегі педагогика институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсті. Факультет деканы А.Трунов талантты жастарды өз балаларынан кем көрмейтін абзал аға болатын. Ол Анатөлінің байрақты бәсекелерге баруына жағдай жасап отырды. Соның нәтижесі емес пе, талапты жас республикалық жарыстарда, «Буревестник» спорт қоғамының біріншіліктерінде сан мәрте топ жарды. Ол жоғары білім алған соң Алматыға берілген жолдамаға қарамай, Шымқора ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепке дене тәрбиесінен сабақ беретін ұстаз болып келді. Атағы жер жарған талантты спортшының кішкентай елді мекенге келуінде не себеп деп бас қатырғандар да табылмай қалған жоқ. Сөйтсек, қайсар жастың алға қойған мақсаты бар екен.
Ол кезде ауыл спортына көңіл бөліне бастаған. Тіпті кеңшарлар мен ұжымшарларда спорт нұсқаушысы деген штат болып, бұл салаға жетекшілік еткен жастар ауылдағы дене тәрбиесінің көкжиегін кеңейте бастаған. Анатөлі де Ұлан өңірін текке таңдамаған сыңайлы. Мектеп оқушыларын дене тәрбиесіне баулу, олардың психологиялық дамуын зерттеу, спортта жоғары көрсеткіштерге жету үшін не істеу керек деген сауал тіпті бала кездің өзінде жиі мазалайтын. Спортты ғылыммен байланыстырып, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәделдеу үшін ол көп ізденді, оқыды, тоқыды да. Ол туралы сәл кейінірек айтамыз.
Туған ауылда екі жыл қызмет етті. Шымқораның балалары спортта біршама жетістіктерге жетті. Алға қойған мақсаты жүзеге асқанша тыным таппайтын жас жігіт мектепте дене тәрбиесінен сабақ берген кезде спортты жетілдіру жөнінде ата-аналар кеңесін құрып, базаны жаңартты, Ұлан ауданындағы бұқаралық спорттың дамуына күш салды. Ауданда мектеп оқушылары арасындағы жарыс тұрақты өтіп тұрды. Болашақ ғылым докторының маңдай тері нәтижесін бере бастады. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық жарыстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, Серік Сағитов, Азамат Жақыпов, Қайырғазы Баяқбаев, Алексей Заржицкий, Нұрлан Құрманбаев, Әкіраш Құдайбергенов, Достық Ысқақов сияқты шәкірттері спорт шебері атағын қорғап, байрақты бәсекелерде топ жарды.
1982 жылы Анатөлі Қожекенұлы Алматыдағы Қажымұқан атындағы республикалық жалпы білім беретін спорттық бағыттағы мектеп-интернатқа директор болды. Бұл білім ұясынан ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған чемпиондардың қанат қаққанын көпшілік жақсы біледі. Олимпиада чемпиондары гимнасшылар В.Люкин, В.Новиков, Олимпиадада алтыннан алқа таққан баскетболшылар В.Тихоненко, И.Герлиц кезінде аталмыш мектеп қабырғасында білім алып, спортта өшпес із қалдырған Қазақ елінің мақтаныштары. Дәулет Тұрлыхановтың өзі неге тұрады? Елін сүйген ер Дәулет Барселона мен Сеул Олимпиадаларының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы, КСРО-ның жеті дүркін жеңімпазы емес пе?! Қажымұқан атындағы мектеп-интернаттан түлеп ұшқан сол Дәулет ағасы Анатөліні ұстазым деп құрмет тұтатынына 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындары кезінде куә болғанбыз.
Анатөлі Құлназаров осы мектепті басқарған кезде оның қабырғасынан отызға тарта Олимпиада, әлем чемпиондары түлеп ұшты. Спорт саласына бейімделген білім ордасының атағы алысқа жетті. Шетелдерден келген талай саңлақтар спорт мектебінің табалдырығын аттап,тәжірибесімен қанықты. Осында жетекшілік еткен жылдары Анатөлі Қожекенұлы спорт пен ғылымды тығыз байланыстыра білді.
Бұдан кейін білімді де білікті маман сегіз жыл бойы еліміздегі спорт агенттігі бастығының орынбасары, бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Спорт агенттігін және спорт комитетін басқарған жылдары Анатөлі Құлназаров басшы болып барған Қазақстан делегациясы төрт жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында, төрт Азия, төрт Орталық Азия ойындарында тамаша жетістіктерге жетті. Мұның сыртында шеф-де-миссион орынбасары қызметінде ондаған байрақты бәсекелерде қол жеткен табыстары қаншама десеңізші. Бұдан кейін республика Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2000 жылы әлемде тұңғыш рет Білім және ғылым министрлігі жанынан дене тәрбиесі жөніндегі ғылыми-практикалық орталық ашылып, оның бас директоры қызметіне Анатөлі Қожекенұлы тағайындалды. Сөйтіп, ұстаз, ғалым, қайраткер оның асыл мұраты – спортқа жастарды баулу, баулығанда да ғылым мен практиканы ұштастырып, биік белестерге көтеру мақсаты орындалды. Міне, содан бері 15 жыл өтті, ағамыз қазіргі кезде орталықта лаборатория меңгерушісі қызметін жалғастырып келеді. Мұның сыртында Анатөлі Құлназаров ұзақ жылдар республика Ұлттық Олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті қызметін өткен жылдың соңына дейін атқарды. 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары кезінде Анатөлі Құлназаровтың жан алысып, жан беріскен сайыстарда қазақ саңлақтарына жанкүйер әрі ақыл-кеңес беріп жүргеніне куә болдық.
Анатөлі Қожекенұлымен бірге Сидней, Афина, Бейжің, Лондон, Сочи Олимпиадалары кезінде бірге болғанымызда, ол кісінің ақыл-кеңесіне спорт саласының басшыларын және спорт саңлақтарының ерекше құлақ түретінін аңғардық. Ал Қазақ елі 2011 жылы тұңғыш рет өткізген VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырып, оны өткізу жөніндегі бас дирекцияны екі жыл басқарған, ыстық-суығына күйген, Қытай, Жапония, Корея сияқты алпауыт мемлекеттерді шаң қаптырып, командалық есепте 32 алтын, 21 күміс, 17 қоламен көш бастаған Қазақстан командасының жеңісінде Анатөлі Құлназаровтың толағай үлесі барын тағы бір еске салғымыз келеді.
Жақында Қазақстан спортының өсіп-өркендеуіне жарты ғасыр ғұмырын арнаған, спортта сайраған ізі жатқан, 70 деген еңселі биікке көтеріліп отырған Анатөлі Қожекенұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Тәуелсіздікке ширек ғасыр толмақ. Осы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақ елі асқар асулардан асты. Экономикада да, спортта да алға басу бар. Оған күні кеше Лондон Олимпиадасында Қазақ елі ұл-қыздарының 7 алтын, барлығы 13 медаль алып, үздік деген 12 команда қатарына қосылуы дәлел. Демек, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да намысты қолдан бермеспіз. Ал жас ұрпақтың талантына жол ашу – борышымыз. Ғылым докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы М.Қошаев жетекшілік ететін орталықтың ғалымдары халықаралық конференцияларда 300-ге тарта баяндамалар жасапты. Орта мектеп оқушыларына арналған дене тәрбиесі жайлы оқулықтар, басқа да кітаптар жарық көрген. Белгілі спорт журналисі Өмірзақ Жолымбетов екеуміз бірлесіп жазған «Қазақстан спорты энциклопедиясының анықтамалығы» атты 1000 беттен тұратын аса құнды еңбек жарыққа шықты. Мемлекетіміз азды-көпті еңбегімді лайықты бағалап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атағын берді, «Халықтар Достығы», «Достық» ордендері, Ұлттық Олимпиада комитетінің Алтын ордені, ондаған медальдарым бар, – дейді белгілі аға, «Дене тәрбиесінің жаршысы» атты оқулық журналының бас редакторы Анатөлі Құлназаров.
Оңдасын Елубай,
журналист.
ӨСКЕМЕН.