• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Жалған көкірек

866 рет
көрсетілді

Күздің жаңбырлы күнінің бірінде көлік жуатын жерге кірдім. Қағылез жігіт қолды-аяққа тұрмай, батпаққа малмандай болып батқан машинаны жууға дайын­дап жүр. Көліктің жүк салғышындағы кабинадан бүкіл қағаздарымды, кітап, журналдарды бір шетке шығарып, үйіп қойды. Арасында «Ақжүніс» журналы да жат­қан болатын. «Күйеу таңдау мамандық таңдаудан әлдеқайда маңыздырақ» деген сұхбатты көріп, кілт тоқтай салып, оқи бастады. – Ой, әпке, кітаптарыңыз көп қой. Кімсіз? – деді балаң жігіт маған қарап, күлім­сіреп. Осылай бірден шүйіркелесе кеттік. Әңгіме бірден мұқаба сыртындағы мәселеге ауысты. – ...Ажырасып кеттім, – деді көлік жуып жүрген жігіт күрсініп. Сосын мені­мен бұрыннан сыралғы адамдай: – Ажыраса салып, бір жылдың ішінде қайта үйленіп алдым, – деді. Ал мені көлік жуып жүрген жігіттің ажырас­қаны емес, бірден үйленіп алдым дегені елең еткізді. Оның түріне қарасам, тіпті, бозбала сияқты, ержетіп те үлгермеген адам қалайша екі рет үйленіп үлгереді деп ойлауым сол еді, аңтарылып, сұраулы жүзбен қарап қалғанымды сезген көлік жуушы сұрақ қойғызбай-ақ сөзін жалғастырды. – Шынымды айтсам, екінші әйелімді онша танымайтын да едім, бірінші әйе­ліме ерегісіп алып едім, енді өкініп жүрмін... – Демек, оны сүймейсің? – Иә, сүймеймін... – Әйелімді сағынып жүрмін, – деді күрсініп екінші әйелі бар ол. – Кім кінәлі? – Ажырасқан кезімізде ол кінәлі сияқ­ты болған. Қазір қарасам, екеуміз де кінә­лі екенбіз. Ол қатты ерке болатын. Қырсық болса да, қылықтарымен маған айтқанын жасатушы еді. Онымен бірге тұрған кезімде өмір қызық сияқты көрінетін. Екі-ақ жыл отастық. Бәленің бәрі шешем екеуінің келіс­пеу­шілігінен басталыпты. Қазір қарап отырсам, қалыпты тіршілігімізді бұзған келіншегімнің бүкіл іс-әрекеті шешеме жақпаған екен. Кері­сінше, әкеме, бауыр­ларыма жұбайымның тір­лігі, та­мағы, бәрі-бәрі қатты ұнайтын. Ол біз­­дің шаңырағымызға шаттықпен, өзге­рістермен, қолының берекесімен кірген адам болатын. Ол келгеннен бастап таңғы асқа кә­дуілгі қатқан нан, ескі сары май жеуді тоқтатып, кәдім­гідей сүйкімді ас жеуге көштік. Үйді бұрын­ғыдай сыпырғымен шаңдатқанды қойып, шаңсорғышпен тазалайтын едік. Әркім әдетіне басып, жатарда кез келген төсекке жантая кетуді қойған болатын. Бауырларымның барлығының бас-басына ақ­жайма сатқызып алды. Төсек-жастықты араластырмай таза ұстады. Бірақ, осының бәрі шешеме ұнамады. Келіншегім шаңсорғышпен үй жинай бас­таса болды, электр тогы кетіп жатыр деп байба­лам салады. Асқа салаттар турай бастаса, шөп-шаламыңды кім жейді деп жақтырмайды. Қысқасы, қырық жыл­дан бергі келе жатқан қалыпты тір­шіліктің өзгеруі анамның жүйкесіне тиіп бітті. Дегенмен, әйелімнің өзі қандай пысық болса, тілі де жылдам еді. Бастапқыда анама қар­сыласпауға тырысып жүрді де, тез тілі шыға бастады. Өзім жұмыстан шаршап, келінше­гімнің тамағына асығып жеткенде анамның бітпейтін арызы мені де шаршатты. Мен де шешеме қосылып, әйе­ліме сөйлеп қалуды шығардым. Кейде кикілжіңге бауырларым араласып, өздері қатарлы жеңгелерін жақтап отырса да, үлкен ұрыстар шыға бастады. Несін айтасыз, келіншегімнің киімі де, қы­лығы да, атқарған шаруасы да енесінің көңілінен шықпады. Алғыс, жылы сөз естудің орнына жаңа келген үйі ұдайы қағытып, аңдысып, тиісе бергеннен соң шығар, оның мінезін бір-екі жылда жабылып жүріп өзгертіп жіберген сияқтымыз ғой. Сонымен не керек, бір күні қатты ұрыс-керіс шыққанда, мен анама жақ­тасып, сөзден қайта қоймағаннан кейін, оны шапалақпен салып жібердім. Ол қатты ызаланып, екі көзі жасқа толып тұрды да, жатын бөлмеге барып киімдерін жинастыра бастады. Шешем менің оған еркек болып қол кө­тергеніме айызы қанды ма: – Жалынба, кете берсін! Қойшы-қойшы дегенге төбемізге шығып барады ғой. Еркіне жіберсең, осы үйді жалғыз өзі билеп-төстемекші. Не туып жатқан баласы жоқ, – деп қосып қойды. Ашуланып тұрған мен де оның жолына бөгет бола қоймадым. Сол ашумен: – Егер кетсең, мына үйдің есігін қайта ашушы болма! – дедім соңынан ақырып. – Мен бұл үйдің есігін енді қайтып ашпаймын! – деді ол да безеріп. Сол сәтте-ақ ішім біртүрлі ашып қоя бергені есімде, мен оның мінезін білем ғой, айтқанынан қайт­пайтын адам болатын. Керек заттарын көтеріп, үйден ұзап, қақпадан шығып бара жатты. Артынан жүгіріп барып, кешірші дегім келді. Жақсы көретінімді айтқым келген. Бірақ, бір жалған көкірек мені сол сәтте жібермеді. Қысқасы, бір-бірімізді жақсы көріп қосылған екеуміз, тез-ақ ажырасып кет­тік. Қыздарының отырса опақ, тұрса сопақ болып жүргенін естіген әке-шешесі де үн-түнсіз жатып алды. Шешемнің бір күні төркініне жек­сұрын болғанда, «бұралқы иттей» өзі қайтып келеді деген болжамы жүзеге ас­пады. Анам мен сүйіп алған қызым неге келіспеді екен деп, әлі күнге дейін таңға­ламын. Мүмкін, екеуінің жұлдызы қарсы болды ма екен деп те ойлап қоямын. Ал мен тіпті, ерегісіп, азғантай бой­дақ күн­дерімді көпсініп, бірінші кездес­кен қыз­ға үйленіп алдым. Қызғансын, жерде қалма­ғанымды көрсін, естісін дегендей бір топас ой иектеді мені. Енді, міне, сүреңсіз күндер өтіп жатыр. Содан бері бар болғаны бірнеше жыл ғана өтті. Келіншегім де бір жігітке тұрмысқа шығып алыпты дегенді есті­генде, жер бауырлап жыладым, өлердей сағынғанымды білдім. Бірақ, бәрі де кеш болды. – Бұл әйелің енді енесіне ұнай ма? – Білмеймін, білгім де келмейді. Не ісі өнбейді, не тамағы пісіп болмайды. Өзіне не ұнайтынын, не ұнамайтынын да біліп бол­майсың. Ішімдегіні тап дегендей, тымыраяды да отырады. Кейде не туралы сөйлесетінімізді білмейміз. Мұны­мен тату отырғаннан, бұрынғы келін­шегіммен кикілжіңнің өзі қызық болған сияқты бір далбаса ойларға берілемін. Тіпті, кейде тұрмысқа шығуға ұсыныс жасағанда, мынаның неге бірден көне салғанына миым жетпейді. Бұл бұрынғы әйелімдей, өзіме қарату үшін жігіттіктің біреуін де талап еткен жоқ. Ал бұрын келіншегіміз екеуміз түні­мен армандайтын едік, ескі үйді түнде қиялымызбен бұзып, таң атқанша тамаша жаңа үй салып тастайтынбыз. «Ертең қандай тамақ істеймін, не жейсің, а, айтшы! Өстіп жүре береміз бе, бір мамандық оқып алуың керек», деген сияқты, еркелеп бас­таған әңгімесімен ертеңге құлшындырып, жоспарлар құрып шығатынбыз. Шынында да, шерін тарқата тоқтаусыз әңгі­месін айтып жүріп, машинаны жуып тас­таған бұл жігіттің бұрынғы сүйіп ал­ған әйелін сағынғанын, өкінгенін білдім. – Кешірім сұрауың керек еді, – дедім. – Иә, кешірім сұрауым керек екен. Іздеп барып аяғына жығылып алып келіп, анам екеуінің арасын жақын­датуым керек еді. Жалған көкірек соған жібер­меді. Сағынсам да шыдап, ерегісіп жүре бердім. Ол да сағынған шығар?.. – деді балаң жігіттің даусы бұзылып. – Күт­пеген де мен, бірінші үйленіп алған да мен, ақымақ басым, тіпті, ойланбаған екем. Ол ерке болса да, есті екен, екі-үш жыл мені күтіпті деп естідім. Тағдырында енді түзеуге келмейтін жаң­сақтық жіберген жанға не айтарымды білмей, өзімнің де ойым алай-дүлей болып, шетте, қораптың үстінде жиналып тұрған заттарымды, өзім машинаға апара бастадым. Ол да кітап-журналдарды бір шетінен таси берді. – Шын ғой, әпке, жар таңдау мамандық таңдаудан да маңыздырақ екен! Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». Алматы.