• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Парасат полотносы

569 рет
көрсетілді

Әйгілі астроном Ұлықбектің «аспандағы ай мен жұлдыздан гөрі қасыңдағы адамды тану қиын» дейтін сөзі бар. Солай демекші, әріптестің әріптес туралы қалам тербеуі де қиын деп жатады. Мүмкін. Кімге қалай? Алайда, жұрттың бәрі тап басып танып, кілтін тауып жазатын Бауыржан Омарұлы емес, әрине. Бірақ, сол Бауыржан айтпақшы, «көсемсөздің Қаллекиі» – Қали Сәрсенбай жөнінде жөн сөз айту қиындық тудырмайтынына шүбә жоқ. Жуырда газетімізде Қа­ли­­дың атақты, белгілі тұл­ға­лардың көп­шілік бай­қай, аңғара бермейтін бол­мы­­­сындағы, мінез-құл­қын­да­ғы танымалдықтың кө­лең­ке­сіндегі пендешілігін ұң­ғыл-шұңғылына дейін қаузай жаз­ған керемет әңгімесі басылды. Соны оқи отырып, Қали­дың өзі психолог жазушы екен деп бір қойғанымыз бар. Ал бүгінде қазақ баспасөзінде өзіндік орны, өз жазу мәнері бар, қалыптасқан қа­ламгер Қали Сәрсенбайдың бұдан бұрын араға бірнеше жыл салып шыққан «Сендерді са­ғынғанда», «Өнер-өмір», «Тұл­ға-тағдыр» атты шағын әң­г­і­ме­­­лер, эсселер, ой-тол­ға­ныс­тар­дан тұратын кітаптары да бір деммен оқылып, оқыр­ман­ның бағалы пікіріне ие болса, енді «ARNA-B» баспасынан жарық көр­ген төртінші кітабы – «Шал мен шындық» та бірден елітіп әкетіп, жо­ғарыдағы ойымызды дәлелдей түскендей. Мәселен, кейбір мақалала­рының өзі әңгімеге бергісіз оқы­латын Қали­дың кітаптағы төрт бөлімнің беташарына жа­зылған бірауыз сөздің өзі талай жайтты аңғартса керек. «СӨЗ СӘУЛЕСІ». Қандай әдемі тіркес. Біз Күннің зор энергия көзі, барлық дүниеге сәуле шашып, жер­дегі тір­ші­лікке жарық пен жылу беретінін білеміз. Ал сөздің сәулесі ше?! Шын мәнінде сәулелі ойдан сәулелі сөз тумай ма? Яғни, сөз сәу­лелі, нұрлы болса, жаныңа шуақ ша­шады, жаныңды жадыратады, қуантады. Одан жаның семіреді. «Ой да, сөз де бейнебір си­қыр тәрізді. Келіп, кетіп жү­реді. Кейде ұстайсың, кейде ұзақ уақыт жалынан сипатпай кетеді. Жұрттың бәрі «ұшып бара жатқан сөзді ұстап алатын» (М.Қаратаев) Әлімбаев емес, әрине. Дей тұрғанмен де, оңашадағы ойлардың қағазға түскен мына нұс­қасы да ұзақ жылдар бойғы ой кешу­лердің бірде арық, бірде семіз шық­қан түрі. Бұл да бір «жалқау» не «жедел» жанр түріне жата ма, кім білсін?! Оқи отырыңыз» дейді. Әсіресе, кітаптағы тақы­рып табу, таңдау, тану жә­не талдау өз алдына, оны бе­ру­дегі мәдениет қандай! Одан зиялылық, зипалық, зият­керлік есіп тұр. Оның шы­ғар­машылығының шырайын келтіріп тұрған егіз стихиялар осы. Содан кейін де оның жазғаны назар аудартады, ойландырады, толғандырады, күрсіндіреді. Әрбір мақала, эссе, шағын ой-тол­ғаныстардан алған әсерді талқылау үшін көлемді мақала жазу керек болар. Ал енді қысқа қайырсақ, тақы­рыптың өзіне зер салсаңыз да жетіп жатыр, еріксіз оқи жөнелесіз. «Ешкімді сағынбайтын баланы көрдім», «Қоғам үшін пай­далы адам – театрға өз ер­кімен, ынтығып барған адам», «Кішкентай шындық», «Шал мен шенеунік», «Құдайдың бергеніне қанағат деген болмай тұр», «Атқа қай жағынан мінуді білмейтіндер», «Жақсы көру сезімі дамымай қалған адамдар бар», «Өсектің өлетін күні бар ма екен?!», «Көргенсізде көз болмайды», «Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің», «Бізді Қа­дыр құтқарып жүр», «Кеңдікті тең­дік деп түсі­не­тіндер бар», «Дом­быра ұс­тай білген бала елді де ұстай біледі», «Теледидар тойхана емес», «Моншаға галстук тағып бара­тын адам», «Құстан асқан әнші жоқ», «Сөз адасып жүр», «Шал мен шындық», «Әкелерімізден әу­лие­міз бе?», «Дилетанттар – рухани қал­дықпен өмір сүретіндер», «Шір­кін, шын­дық», «Партиялар алдымен Абайды оқысын», «Өз жаныңыз өзі­ңізде ме?». Осылай кете береді. Медицинада белгілі бір дертті анықтауда оның диагно­зын, яғни аурудың себебін табу шешуші рөл атқарады. Егер диагнозын дәл тап­саңыз, еміңіз жүріп, науқас тез айығады. Қоғамда да дәл солай. Егер ке­­селін дәл тапсаңыз, ол тез «ем­деледі». Міне, Қали cол қоғамның да, өмірдің де ке­леңсіз тұстарына, пен­делердің пендешіліктеріне өз «диаг­нозын» қояды. Және дәл қояды. Сөйтіп, шындық пен жалғанның ара жігін ашуға, әр дүниесінің ше­ші­мін пәлсапалық оймен түйін­деуге тырысады. Осы­лай­ша, шын­дықтың шыңы – ақиқатқа жетуге тырысады. Ал шығармашылықта шындықтан, ақиқаттан, астарлы ойдан ар­тық көркемдік жоқ. Осы ретте Л.Н.Толстойдың «Адамның шын­­шылдығының дәрежесі арқылы оның ұжданына баға беруге болады» деген дуалы сөзі ойға оралады. Тағы ескеретін жайт, Қали шын­дықты жазуда қашанда аз сөзбен көп ойды білдіріп отыратыны. Сон­дықтан мен де көп сөйлемей қысқа қайы­рымдармен шектеліп көрейін. Мәселен, былай: Таңдану. Тамсану. Таңырқау. Дегдарлық. Тектілік. Оның жазуынан осы қасиеттер ұш­қындап, ли­ризм лебі есіп отырады. Мұз­ағаң – Мұзафар Әлімбаев айт­­пақшы, «Қалида әлемдік хрес­томатияларға енгізіп жі­беретін сөз­дер баршылық». Сол Мұзағаң ертеректе «Еге­мен Қазақстанда» Қали Сәр­сен­бай­дың «Өнер-өмір» кітабына жазған мақаласында «Қалидың кейіп­керді ашудағы ізденістері қай­ран қалдырады» дегені бар еді. Осы ой тұрғысынан ке­лі­п кітап­тағы «Тұлғатану» бө­лі­міне үңілсеңіз, халқымызға бел­гілі, кейбір қыры мен сыры белгісіз тұлғалы азаматтардың таңғажайып өмірі, қызық та қиын тағдыры таптырмас деталь, штрихтармен әрі көркем, әрі шебер баяндалады. Елін, жерін, ұлтын жүрегімен сүйген ерлердің бекзат болмысын сөзбен саралаған, майлы бояу­мен бедерлеген полотнолар – парасат полотносы дерсің. Енді бір таңырқататын жағд­а­й бар. Әдетте, сырт көзге ше­неу­нік көрініп ел басқарып жүрген азаматтар туралы тауып жазу да оңай шаруа емес. Бұл ретте Қали: «Үш әкімді бір кісідей болмаса да біршама біледі екен­мін. Олар – Ахметжан Есі­мов, Иманғали Тасмағамбетов, Бер­дібек Сапарбаев. Әншейінде көсіліп шабатындардың мұндай тұл­ғалар туралы жазғанда бауырын жаза алмай қалатыны да рас. Себебі, ел басқарып отыр­ған адам туралы жазу – қи­ынның қиыны. Оның үстіне олар өзін жарнамалауды көп қажетсінбейді. Ол жұрттың көз алдында жүрген өнер адамы ия саясаткер емес. Әкімдердің ерекшелігі, көзге көрінбейтін қыр-сыры көп. Меніңше, олар жайлы көбіне әбжіл, саққұлақ, көргені, түйгені көп журналис­тер ғана қалам тербей алады. Сондықтан, оларға біртабан жа­қын жүрген адамның шын­дыққа үй­лесімді дүние жазатынына, жұртқа беймәлім қыр­ларын аша алатынына көп негіз бар. Кейде журналистік әуесқойлыққа салып білмей жа­замыз, ал білмейтін адам өзін де, өзгені де адастырады, айта береді. Қысқасы, мынау дау-дамай, талас-тартысы көп қоғамда әкім – оң жамбасқа келетін тақырып емес. Сондай-ақ, қоғамда әкім туралы дүниені қабылдаудың да өз қиындығы бар. Ол үшін дерегің мен дәйегің үйлесіп, сыңғырлап тұруы керек. Бұларды іштартатының, өмірге де жақын, өнерге де жа­қын. Бұл елге жақын деген сөз. Оларда халықтың жан дүниесін түсінуге деген ынта-ықылас зор», – деп тұлғалар туралы тосын толғанысқа кіріседі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Өмір өткел­дері» атты сұхбат кітабы туралы «Елтану мен тұлғатану» атты тол­ға­нысы, «Тұлғаның толғанысы» (Қасымжомарт То­қаев), «Тұлғаны тұлғаның тануы», «Рухани тұлғаның ел басқарғаны – екі есе бақыт» (И.Тас­мағамбетов), «Тегін адам ел бас­қарады ма?» (А.Есімов), «Ертеде бір әкім болыпты...» (Б.Сапарбаев), «Абы­лай­дан Ақселеудің арманына дейін», т.б. портреттердегі тап­қыр­лыққа, танымдық жайларға тәнті болмасқа әддің жоқ. «Бүкпесіз әңгіме» аталатын төр­тінші бөлімдегі сұх­баттардың аты айтып тұрғандай әңгімесі бүкпесіз. Ақжарылқап сыр ақтару, терең ой, ұтқыр ұсыныстар, көзқарастар қай­шылығы, тоғысып жатқан ой кешулерді бейжай оқу мүмкін емес. Енді кітаптың атауына ке­лелік. Оқырманның шал мен шындықтың арасында қан­дай байланыс барын күтуі заң­дылық. Небәрі бір жарым бетке толмайтын осы мақалада Тәу­елсіздік алғаннан кейінгі тұста саяси кеңістіктегі тартыс­та қазақтың намысын жыртып, құрғақ сөзбен емес, басын бәйгеге тігіп, азаматтық по­зи­циясын сөзбен емес ісім­мен көрсетемін, қоғамдағы шындықты айтамын деп өз қаржысына әйелінің алтынын, басындағы баспанасын сатып «Казахская правда» газетін жал­ғыз өзі шығарып дүниеден шырылдап, шырқырап өткен Алдан Ай­ымбетов туралы тол­ғайды. Мақала «...Көше бо­йымен көптің бірі болып, шынашақтай ғана бір шал кетіп барады. Шындық кетіп барады. Қай жерге дейін барады екен...» деп аяқталады. Иә, бұдан Қа­ли әрқайсымызға артымыздан осылай ертіп жүретін өз шындығымызға күнде болмаса да анда-санда бір бұрылып қарап тұрсақ деген ой тастайды. Қысқасы, «Шал мен шын­­дық» оқы­латын кітап. Аз айттың не, көп айттың не, ең бастысы, оқып шы­ғыңыз. Қозғалмаған тақырып жоқ. Ой дегенің орман... Ал оқырманның іздей­тіні де сол – оймақтай ойлы дүние. Қали­дың бұл кітабын «Пара­сат по­лотносы» атағанымыз да сон­дықтан. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.