Жақында «Астана Балет» театры алғаш ұсынған «Би ғаламаты» бағдарламасы табысты өтіп, көрермен қауым бельгиялық хореограф Б.Амарантенің «GALA» қойылымын зор ықыласпен тамашалады.
Белгілі ұжымның бұл жаңа дүниесінің ерекшелігі сол, оған заманауи хореографиялық өрнектер қосылған. Талғампаз қауым мұның бәрін «ғаламат» деген бір ауыз сөзбен бағалады. Музыкасын А.Амар мен Б.Гафаров жазған, хореограф Н.Дмитриевский қойған «Әлем» балетінен берілген кең құлашты күрделі фрагменттер жиылған өнерсүйгіш жұртты көңілді жаулап алар ерекше күйге бөлегені анық. Мұндағы жарқын шаттыққа толы би қимылдары жанды елжіретер ерекше сырлы да сұлу сазбен көмкерілді.
Бұл күні көрерменге тартылған тағы бір сый – «GAIA» қойылымының тұсаукесері болды. Бұл ретте залдағы қауым биді қойған хореограф Р.Амаранте мен музыкасын жазған сазгер Х.Таварес дарындарының ғаламатына қол соқты десек те болады.
Ежіктей айтсақ, бельгиялық әйгілі хореограф Рикардо Амарантенің «GAIA» атты жаңа туындысы хореография тілімен жеткізілген Жер шарының жылнамасы іспетті. Оның мазмұн-мағынасы өте терең. Көрермен қауым Күнді айналатын Жер шарымыздағы күрделі құбылыстардың сырына қанығады. Бағзы заман данышпандары біздің әлем төрт таған – Жер, Су, Ауа және Отқа сүйенген деп білген. Алайда, Жер бетіндегі тіршілікті онсыз елестете алмайтын тағы бір таған бар, ол – Өсімдіктер әлемі. Ағаш, көк майса шөп, гүлдер болмаса өмірдің сәні бар ма? Ендеше, осы бес тағанның әрқайсысы Жер бетіндегі тіршілікті қамтамасыз етіп тұратын күрделі жүйені құрайды. Олардың бәрі өзара қарым-қатынасқа түсіп, бірін-бірі толықтырып, бай әрі шексіз, дархан да ғажайып Жер жәннатында тіршілік етеді. Олай болса Р.Амаранте биінің ғаламаты астаналық талғампаз көрерменге осынау өмірлік философияны паш етті.
Назар ҚАСЫМ.