Бір күні Сайлаубек Жұмабек ағамен ойда-жоқта қызметтес болдым. Өйткені, ол «Қазақ әдебиеті» газетінен мен істейтін «Ара» журналына жауапты хатшы болып ауысты да, білдей бір бастығым болып шыға келді. Бастығымыз екеуміздің арамыз өте жақсы, інілі-ағалы болып қызмет еттік. Бұрын мұндай журналда істемеген, алғашында аздап қысылды, қиналыңқырады. Артынан үйреніп кетті. Өйткені, жазған сын кітаптарының тілі «Араның» тілімен, тақырыбымен ағайындас еді. Кілең фельетондар ғана жариялайтын «Араның» ішкі кухнясына тез-ақ сіңісті. Қанша айтқанмен талантты адамдар бәрін де тез қабылдайды емес пе, Сайлаубек аға да «Араға» жылдам төселді.
Бір күні Қал-ағаң, бас редактор Қалтай Мұхамеджанов өзін жиі-жиі шақыратын Орталық Комитетке кетті. Партия құлап, «Ара» журналы «әне жабылады, міне жабылады» деген қауесеттің өршіп тұрған кезі. Екіұдай ойда қалып, біз редакцияда күтіп отырмыз. Түс қайта Қал-ағаң келді. Жүзінде жеңістің белгісі бар. Сәкең екеуміз кабинетіне ілесе кірдік. Сөйтсек, «Ара» жабылмайтын болыпты. Оны қалай алып қалғаны жөнінде Қал-ағаң қысқа ғана әңгімелеп берді. Екінші хатшы Ануфриев болатын. Соған айтыпты. «Қағаз жоқ, қағаз жоқ дегенді көп айтасыздар. Бізге «Араны» шығаруға ет, май орайтын, дүкендердегі жатып қалған сары қағаздар да жетеді. Сонымен-ақ шығара береміз. Бізге сол қағаз да жетеді, содан бізге беріңіздер, бәрібір онымен орайтын, ет те, сары май да жоқ қой», депті. Тауып айтылған ащы шындықты уәжге тоқтаған Орталық Комитеттегілер «Араның» ғұмырын тағы біраз мерзімге ұзартып берген еді.
Осындай адамдармен қызметтес болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын. Сәкең бала секілді еді. Не айтсаң да сене салады, айтқаныңа көніп жүре береді. Сол мінезі оны қарапайым да адал етіп көрсететін. Жұмысқа тым ерте келеді. Терезені ашып, кабинетті бір желдетіп алады да үйреншікті жазуына кіріседі. Біз жұмысқа барғанша ол біраз нәрсе жазып тастайтын. Келе, бізге оқып беріп, артынан пікір тыңдайтын. Шерағаң туралы «Жұлдызы нұрлы суреткер» дүниеге осылай келген шығарма болатын. Шерағаңның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жазылып бітті. Оның әрбір жолын, абзацын қайта-қайта оқығың келе береді. Публицистік сарында жазылған еді. Шерағаңның болмысын, суреткерлік қасиетін айнытпай берген толғамды туындының шоқтығы биік еді. Қайта-қайта парақтай бергің келетін. 60 жылдық тойға осы кітапты оқып, «қаруланып», дайын күйде барғанымыз есімде.
«...Бұл аз десеңіз, ананың еміренген әлдиін, туған жер табиғатының тылсым мейірін, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің тайқымаңдай тауқыметін көп көрген; қыспақшыл да өктемшіл өмірдің көтензорлық салмағынан қалқалап қорған болатын құдіретті әкенің қамқорлығын аз көрген; жан жаралайтын небір қаталдықтардың әрқилы сынағын бастан көп кешірген; сағы сынбаған сирек ұрпақтың бір өкілі – біздің Шерхан ағамыз. Бұлай дейтін бірден-бір басты себебіміз сол, 1932 жылғы ашаршылықтың зардабын жөргегінде-ақ сезінген; онан қала берді «халық жаулары» қаптап табылған 1937 жылғы алатай науқанның – топалаң зобалаңның лаңын; іле-шала Ұлы Отан соғысының 1941-1945 жылдардағы қансыратқан, зар қақсатқан аждаһа шеңгелін көзімен көрген» деген баға береді Шерағаңа. Несі бар, иланатын және мойындайтын уәж.
Кейін «Ара» журналы жабылды да, оның орнына Қаржы министрлігінің қамқорлығымен республикалық «Ара» газеті шыға бастады. Оның ашылуына да Сәкең көп жүгірді, есіктерді тоздырып жүріп дегеніне қол жеткізді. Ақыры «Араны» ашты да оған біраз уақыт бас редакторлық етті. Ол кезде мен сол газеттің жауапты хатшысы едім. Қазақ теледидарында істейтінмін. Екі жұмысты қатар алып жүруге келісім берді. Еңбек жолымыз сосын Қазақстан Жазушылар одағында жалғасты. Әдеби кеңесші қызметін қатар атқардық. Салиқалы, өзінің жұмысын ғана білетін азамат ретінде есте қалды ол ағамыз. Сонда жүргенде Қалаубек Тұрсынқұлов жайлы «Қазығұрттың перзенті» атты қаламгер шығармашылығын терең зерттеп, әділ баға беретін кітабын жазып, бітірді.
«Сырлы әуен» деп аталатын кітабына соңғы сөз орнына берілген «Қарағайдың қарсы бұтағы» деп аталатын лебізде халық жазушысы Шерхан Мұртазаның сөзі былай дейді: «Анда-санда Мәскеуде, яки Ташкент, не Бішкекте кездесе қалсам, Шыңғыс Айтматов ағамыздың алдымен сұрайтын адамдарының бірі – Сайлаубек Жұмабек.
Иә, Шыңғыс шығармалары туралы Сайлаубектің сын жазғаны рас. Сонда Шыңғыс сын көрмей жүр ме екен? Мақтау естімей жүр ме екен?
Демек, мәселе басқада. Ол Сайлаубектің шығарманы, жалпы әдебиетті өзге сыншылардан гөрі жете танитындығы. Сол танығанын бүкпесіз, риясыз, тек өзіне тән турашылдықпен айта білетіндігі. Бірақ «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың» деген де бар. Шын сыншының тағдырын Құдай солай жаратқан. Бірақ, өйтіп үркектеп қалған Сайлаубек жоқ, қарағай тектес. Сынса да шарт сынады. Әсте иілмейді. Есесіне түзу.
Көп сыншылар иілгіш, икемделгіш, яки күйдіргі, жала жапқыш. Олардан әділ сөз есту өте қиын. Ал өтірік мақтау – өз сорың. Оны Абай баяғыда айтқан: «Сенбе жұртқа тұрса да сені мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап...».
Қазір қазақ әдебиетінде сын жоқ. Сондықтан, динозаврлар дәуірінен қалған жалғыз тұқым сияқты Сайлаубектің зәру сыны да бұл заманда таңғаларлық ерлікпен тең.
Бірақ еңбекті, ерлікті елеп жатқан кім бар?
Бәрібір бүгін болмаса, ертең еленеді. Табан ақы, маңдай тер текке кетпес.
Елу деген ердің жасы, ерлік істердің жасы.
Қарағай туралы бірдеңе деп қалдық.
Қасиетті қарағай тек түзу ғана емес, мәрт қана емес, ол әрі көп жасайды және мәңгі жасыл болып тұрады. Сайлаубекке қарағайдың сол қасиеттері жұғысты болсын».
Міне, ер Сәкеңе берген халық жазушысының бағасы осы. Одан артық қалай айтарсың? Өкініштісі сол, Шерағаң айтқан қарағай «көп жасайды» деп еді, ұзақ жасай алмады. Қысқа ғұмырында жалт етті де, жоқ болды. Бірақ оның жазған шығармаларының ғұмыры ұзақ.
Сайлаубек Жұмабекұлы жайлы сөз болғанда, оның қаламынан туған «Сын әуені» атты кітабына соқпай кету мүмкін емес. Онда еліміз тәуелсіздік алған он жыл ішінде мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, жұртшылық назарын аударған мақалалары топтастырылған. Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы жайлы жазылған «Тарихқа тағзым, тәуелсіздік тұмарлары мен тәбәріктері» атты бірінші бөлімі мен «Тәуелсіз әдебиетіміздің тарландары», «Тәуелсіз әдебиетіміздің хас суреткерлері», «Тәуелсіз әдебиетіміздегі менің буыным» атты бөлімдері қомақты кітапты ажарландырып тұр.
Сол кітаптағы «Тәуелсіз әдебиетіміздегі менің буыным» бөлімінде замандасы, ақын Темірхан Медетбекке айтары былай аяқталады: «Сонымен, сөз соңында ақын Темірхан Медетбек – өзінің творчествосы арқылы Монтеньнің: «Нет лучшей судьбы для человека чем хорошо выполнить свое предназначенье», – деген немесе оған қоса Эмерсонның: «...токи Вселенского бытия проходят сквозь меня; я часть бога или его частица», деген қанатты сөздерін мақтанышпен толық қайталай алатын ірі ақын».
Міне, көрдіңіздер, Сайлаубек Жұмабек қандай ой айтып, пікір білдірсе де оны нақты дәлелдей алатынын көрсететін мықты қаламгер.
Ол проза немесе поэзияны ғана сөз етпейді. Біз сөз етіп отырған «Сын әуені» жинағында тіпті сатира туралы да сөз етеді. Ондағы «Қазақ күлкісінің олимпі» деген шығармасында қазақ күлкісінің мэтрі Оспанхан Әубәкіров жайында толғана жырлайды және ол туралы кесек-кесек ойлар айтады.
«Оспанхан Әубәкіров!
Иә, бұл есім ауызға түскен сәтте ең әуелі біздің көз алдымызға бәз-баяғы ғажайып Тазша баланың қиыннан қиыстырар тапқырлығы; әйгілі Алдар көсенің алып та шалып жығатын әжуа-әскиясы; құдіретті Бейімбет туындыларындағы күлкінің майлы жілігі – Мырқымбайдың мағыналы-мәнді мысқылдары; егемен еліміздің түкпір-түкпірінде айтқыштығымен ауыздан түспейтін әрі өз аттарымен жүріп жататын әр алуан әйгілі шаншарлардың шағып алатын шуақты шымшымалары; яғни бәрі-бәрінің 1960-1985 жылдар беделінде Оспанхан Әубәкіров туындыларына шоғырланғаны және бір сапада тоғысқаны; жомарт түрде жинақталғаны; сөйтіп, бір шұғыла шашар өзгеше сұлулыққа, көркем келісімге – жемісті күлкіге айналғаны келе қалады! Мәуелі-миуалы күлкінің көркем құбылысқа айналуының алтын тамыры осында жатыр».
Бұдан біз нені байқаймыз? Сайлаубек Жұмабек тек қана көркем шығарманы ғана түсініп, талдамайды. Ол күлкі жайында да ой қозғайды. Қазақ күлкісінің атасы болған Оспанхан Әубәкіровтің шығармашылығы жайында сыр толғайды. Бұған, әрине, иланасың, әрі таңғаласың. Демек, Сайлаубек Жұмабек «тек қана сықақшылар істейді» деген ұғымдағы «Ара» журналында бекер істемеген екен деп ойға қаласың. Сол ойыңды Оспанхан Әубәкіровке берген бағасы нықтай түседі және бекітеді.
Поэзия жайында да терең-терең, сүбелі ой айтады. «Жан нұрына шарпылған жырлар» деген дүниесінде ақын Күләш Ахметова жайында ой толғайды. «Үлбіреген дүниелердің үйлесімі – Күләш поэзиясы осыны мейлінше ерек, мейлінше жүйелі көрсетеді...
...Қарапайым нәрсе әрі үлбірек, әрі төзімді келеді. Қарапайым нәрсе әрі қымбат, әрі жұмбақ келеді. Қарапайым нәрсе әрі таныс, әрі бейтаныс келеді. Үлбірек нәрсе де әрі қымбат, әрі жұмбақ келеді. Үлбірек нәрсе де әрі таныс, әрі бейтаныс келеді. Бұған Күләш Ахметованың отыз жылға жуық шығармашылық жолы мен еңбектері дәлел» деген тұжырымы қандай қымбат, қандай терең!
1997 жылы «Алатау» баспасынан шыққан «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр» деп аталатын жинағының беташар сөзінде былай делінген: «Белгілі сыншы Сайлаубек Естайұлы Жұмабектің есімі қалың оқырман қауымға жақсы таныс.
Оның 1990-1997 жылдар белесінде республикалық баспасөз беттерінде әдебиет жөнінде, әсіресе, қырғыз халқының ұлы суреткері Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы туралы мақалалары, сондай-ақ, оның үстіне «Алматы ақшамы» газетінде тұрақты түрде үзбей жарияланған Бұқар жырау, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тахауи Ахтанов, Оспанхан Әубәкіров, Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалихан Ысқақов, Зейнолла Серікқалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Темірхан Медетбек, Мархабат Байғұтов, Күләш Ахметова және тағы басқа қаламгерлер туралы жазған портреттері мен эсселері, мақалалары өткір де әділ пікірлерімен, байыпты талдауларымен, жаңаша көзқарастарымен, ойлы тұжырымдарымен көпшіліктің көңілінен шыққан, әр алуан әдеби ортада жоғары қолдау мен ілтипатқа бөленген болатын.
Енді сіздердің қолдарыңызға тиіп отырған «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр...» атты жаңа кітап – лирик ақын әрі драматург Нұрлан Мырқасымұлы Оразалының отыз жылдық (тұңғыш кітабы 1977 жылы шыққан) шығармашылық жолы туралы азды-кем сөз етеді».
Осы пікірге алып-қосар ештеңеміз жоқ. Сайлаубек аға еңбекқор еді, таза еді. Сол қасиеттерінің арқасында өмірге мықты-мықты шығармалар әкелді. Оған аянбай тер төгіп, оқырмандар оқитын дәрежеге жеткізді. Белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабектің есімі оқырман қауымға «Сын пернесі», «Ғабит Мүсірепов», «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр, «Қазығұрт перзенті» атты сын кітаптары арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Ең бастысы, Шер-ағаң баға берген «Қарағайдың қарсы біткен бұтағы» екенінде сөз жоқ.
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,
жазушы.
АЛМАТЫ.