• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Келешегі кемел келісімдер

179 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Астанада шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесіп, өңірге ауқымды инвестициялық қаржы тарту жолдары жайлы ойларымен бөлісті. Алқалы басқосуды Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Әнуар Құржықаев ашып, Елбасы алға қойған міндеттерге сәйкес экономика, өнеркәсіп, әлеуметтік салаларға шетелдерден қаржы құюдың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды міндет саналатынын жеткізді. Ерік Хамзаұлы 33 мемле­кет­тің дипломатиялық миссия жетек­шілері алдында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында жаңа инвестициялық саясаттың негіздері белгіленгенін, Қазақ­станның алдағы міндеттеріне орай экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, 10 жыл ішінде кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу, экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен қамтамасыз етілетін талабы алға тартылғанын атап өтті. Барлық инвестициялық жоба­лар­дың тікелей өңірлерде жүзеге асырылатынын ескерсек, ай­мақта инвесторлар тарту мен ин­вестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар белсен­ді түрде жүргізіліп келеді. Был­тыр жалпы инвестициялар 154,5 миллиард теңгені құрап, өсім 28,3 пайызға жетті. Астық тасымалдайтын вагондар, пластикалық құбырлар, мұнай ұңғымалық сорғылар шығару, басқа да өндірістік жобалар игерілді. Өнеркәсіп саласындағы өсім қарқыны бойынша рес­публикада алтыншы орынды иеленді. ҚАЗТЕХМАШ машина құрылысы зауытының тұрғызылуы облыс үшін үлкен оқиға болды. Кәсіпорын жем-шөп дайындайтын 59 техника, SAMPO ASIA маркалы 46 комбайн шығарды. Президенттің қатысуымен өткен телекөпірде тез дайындалатын тағамдар шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Сөйтіп, өңір осы өнім түрлерімен өзін толық қамтамасыз етіп, бір бөлігі шетелдерге жөнелтіледі. Қазір инвестициялық портфель мөлшері шамамен 200 миллиард теңгені құрайды. 12 жоба аясында шетел компаниялары тартылған. Индустрияландыру картасы шеңберінде бірінші бесжылдықта 32 жоба пайдалануға беріліп, 1400 жұмыс орны құрылса, екінші бесжылдықта жобалар саны екі есеге ұлғайған. – Бізде мұнай-газ кен орындарының жоқтығына қарамастан, тартымды инвестициялық өсім қарқынын ілгерілетудің мүмкіндіктері зор. Инвестициялық тартымдылық бірінші кезекте аграрлық сектордың үлесіне, оның ішінде өңдеу саласына тиесілі. Екіншіден, пайдалы қазбалардың 232 кен орны барланып, 48 келісімшарт жасалды. Бұл бағытта әлемге танымал австралиялық «Илюко рестарс» компаниясы берік ынтымақтасып келеді. Облыс түсті металдарға да бай. Бұл ретте шетелдік қаржыгерлер үшін преференциялар қарастырылған. Инвестициялардың үлкен ағыны Қытай, Ресей, Австралия елдерінен келеді деп күтілуде, – деді Е. Сұлтанов. Жиында қытайлық AILIU өнеркәсіп тобы TOTAL Impex компаниясымен бірлесіп, майлы және дәнді дақылдарды терең өңдейтін инвестициялық жобаны қолға алғаны белгілі болды. Ол жылына 80 мың тонна өсімдік майын, 200 мың тонна ұн, 200 мың тонна жем шығаруға қауқарлы. Ресейліктермен бірігіп салынып жатқан биогаз қондырғысының жобалық құны – 1,1 миллиард теңге. Өндіріс тәулігіне 9500 текше метер биогаз ала отырып, 40 тоннаға дейін шикізатты қайта өңдей алады. БАҚ өкілдеріне берген сұх­баттарында Швецияның, Фин­ляндияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері Христиан Камилл мен Илкка Райсанен Қазақстан нарығына экспорттық тауарларды бел­сен­ді енгізуге Еуразиялық эконо­микалық одақ қолайлы жағдай жа­сап отырғанын, бұл орайда, өз елдерінің экономикалық әлеу­еттерін тиімді пайдалануға жан-жақ­ты күш салатындарын, Қызыл­жар өңірімен әріптестік байланыс нығайып келе жатқандарын мәлімдеді. Шетел елшілерімен ұйым­дас­тырылған кездесуге Инвес­тициялар және даму министрлігінің инвес­тициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайы­ров, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкер­лер па­латасы басқарма төрағасы­ның орын­басары Нұржан Әлтаев қаты­сып, өз пікірлерін ортаға салды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.