Облыс орталығына қарасты ауылда балабақша ашу облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group S.a.r.l. арасында бекітілген өзара ынтымақтастық туралы меморандумның шеңберінде жүзеге асты. Бұған дейін ауыл тұрғындары кішкентайларды қаладағы балабақшаларға апарып-әкелетін еді.
Ауыл қазір қуанышты. Талай жылдар күткен балабақшалары ашылды. Бұл ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына әсер етті. Бірден 60 тұрғын жұмысқа тұрды. Көңілдері көтеріңкі. Балабақшалары қазіргі заманға сай жарқырап тұр. Бөлмелерде сәбилер асыр салып ойнап жүр. Барлық жағдай жасалған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі осылайша Елбасы тапсырмасына орай ауылға «Толағай» деген балабақша сыйлады. Мойылды жәй ауыл емес. Атақты Мойылды курорты орналасқан жер. Облыс орталығының іргесінде ғана тұр, 2 мыңдай халқы бар. Өзге ұлт өкілдерімен бірге, елге оралған көпбалалы ағайындардың да отбасылары тұрады.
Қуантсаң баланы қуант. Кішкентайларды зарықтырып күттірмей тегін сыйлай ма деп күтті ауыл. Сөйтіп, сыйлықты Елбасы тапсырмасы бойынша халыққа жеткізді. «Қазақстан Алюминийі» АҚ президенті Арман Есенжоловтың айтуынша, бұл, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі. Енді мұндай игілікті істер Ақсу, Екібастұз, Павлодар қалаларында қолға алынбақшы. Ал «Толағайды» жекеменшік иесінен 43 миллион теңгеге сатып алыпты. Қазір «Толағайға» 120 бүлдіршін барып жүр. Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңірде 38 312 бала балабақшаға барады. Облыс орталығында «Smart Kid», «Лингва», «Озирис» және «Самал» сынды жекеменшік балабақшалар бар. Сөйтіп, «Балапан» бағдарламасының шапағатымен өңірде соңғы жылдары 44 балабақша және 138 шағын орталық ашылса, облыс орталығында 5 020 кішкентайлар оларға баруға жолдама алды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.
Суретті түсірген
Валерий БУГАЕВ.