«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» деп аталды
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған акция осылай аталып, оған еліміздегі барлық жастар белсенділік танытты. «ҚазМедиа» орталығында өткізілген шарада республикамыздағы барлық әлеуметтік желіні пайдаланушылар 25.el.kz арнайы сервисінің көмегімен бір мезетте өздерінің суреттерін ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіруге қол жеткізді.
Сондай-ақ, акцияда еліміздің әр өңіріндегі жастар мен «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алып жатқан студенттер бейнеконференция байланыс жүйесі арқылы өз тілектерін білдірді. Атап айтқанда, Мәскеу, Шанхай, Лондон, Вашингтон қалаларында білім нәрімен сусындап жүрген белсенді жастар байланысқа шығып, Қазақстанның қарыштап дамуын, білім, өнер, мәдениет, экономика салаларында жеткен жетістіктерін мақтанышпен жеткізіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен барша қазақстандықтарды құттықтады. Мұнан кейін жалпыұлттық акцияға арнайы келген танымал әншілер мен кино саласында қанат қағып жүрген талантты әртістер сөз алып, жастарды белсенділікке, отансүйгіштікке шақырды.
– Жастар – еліміздің болашағы. Бүгінде мемлекет тарапынан білім аламын деген жасқа барлық жағдай жасалған. Қазақстан күн санап қарыштап дамып, экономикалық тұрғыда ілгерілеп келеді. Біз еліміз бен Елбасымызға тірек боламыз. Біз еліміздің ертеңгі иесі боламыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын! Баршаңызды Қазақстанды қадірлеуге, сүюге шақырамын, – деді киноактер Әділ Ахметов. Сонымен қатар, әнші Маржан Арапбаева да акцияға қатысушыларды патриот болуға үндеп, ақ тілегін білдірді.
Жалпы, шараға 300-ден астам студент пен өнер адамдары және шығармашылық ұйымдар өкілдері қатысты. Бір айта кетерлігі, жалпыұлттық акция басталған сәтте 30 мыңнан аса әлеуметтік желілерді пайдаланушылар жеке парақшаларын жаңартқан. Бұл ұйымдастырушылардың 20 мың адам жеке парақшаларын жаңалайды деген жоспарынан асып түсті.
Өскелең ұрпақтың өміріне із салып, бойына елін, жерін, халқын сүюді сіңіретін һәм егемен еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын насихаттайтын бұл шараның негізгі мәні бір елде өмір сүрген халықтың тағдыры бір дегенге саяды. Ал шара соңында жастардың рухын көтеріп, жігерін жанитын «Қазақ елі осындай» әні шырқалды.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген