• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Қоғамдық комиссия қарап отырған жоқ

304 рет
көрсетілді

Сайлау-2016 Кеше Астанада Қа­зақ­стан Республикасында Сай­­лауды байқау жөнін­дегі рес­публикалық қоғам­дық комис­сия (СБРҚК) «Парламент Мәжілісі­нің және барлық деңгей­дегі мәслихаттар депутат­тары­ның сайлауларын байқау жө­ніндегі республикалық қоғамдық комиссияның рөлі: демократиялық ұста­ным» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Бұл шара Қазақстандағы сайлау­ды байқау жөніндегі өңір­лік орталықтардың жетек­ші­леріне арналды. Аталған семинар-тренингке Орталық сайлау комиссиясының, Сыртқы істер министрлігінің, Бас прокуратураның өкілдері, сайлау­ды байқау жөніндегі аймақтық орталықтардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар қатысты. Семинар-тренингті ашқан СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерім­бетов алдағы сайлау науқанының маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ол бұл жауапты ке­зеңде бақылаушыларға үлкен жауапкершілік артылатынын атап өтті. «Барлық байқаушылар тиісті дайындықтан өтуі тиіс. Сайлау күні байқаушылардың барлығы сақадай сай болғаны жөн. Өйткені, біз үшін сайлаудың ашық әрі таза өткені маңызды», – деді Нұрлан Ерімбетов. Сондай-ақ, Н.Ерімбетов СБРҚК Орталық сайлау комиссия­сымен, сайлаудың заңдылығын бақылайтын Бас прокуратурамен және шетелдік байқаушылармен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Одан әрі сөз кезегін алған ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев «Қа­зақстан Республикасы Орта­лық сайлау комиссиясының бай­қаушылармен өзара іс-әрекеті» тақырыбында хабарлама жасады. М.Сәрсембаев өз сөзінде сайлау науқанына қатысты ОСК тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде түсіндіріп берді. Оның сөзіне қарағанда, ОСК өзінің барлық қызметін заң шеңберінде атқарып отыр, сондай-ақ, өңір­лер­дегі өкілдіктермен байланыс өз деңгейінде жолға қойылған. Бұдан бөлек, ол ОСК тарапынан сайлау комиссияларына арналған әдістемелік құралдар, жадынамалар шығарылғанын жеткізді. Сыртқы істер министрлігі жанындағы Парламент Мәжілісі сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша штабтың хатшысы Ержан Қыстафин «Сайлауды байқау бойынша халықаралық миссиялар жұмысының ерекшеліктері» тақырыбында хабарлама жасады. Ол өз сөзінде халықаралық миссиялар жұмысын ұйымдастыруда тиісті шаралар қолға алынып отырғанын сөз етті. Бас прокуратура Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңды­лықты қадағалау департаменті бөлімінің аға прокуроры Лаура Туғанбекова сайлау кезеңінде прокуратура органдарының рөлі мен қызметі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жергілікті прокуратура орындарына сайлау барысында заңдылықты қадағалау жөнінде тиісті пәрмен берілген. Бұл бағытта арнайы топтар жұмыс істемек. Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті саясаттану кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, саяси ғылымдар кандидаты Марина Онучко сайлауды байқау үдерісіндегі байқаушының рөлі тұрғысында сөз етті. Оның айтуынша, әрбір байқаушы өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылатынын сезінуі тиіс. Бұдан кейін сайлауды бай­қау жөніндегі аймақтық орта­лық­тардың жетекшілері семинар барысында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Семинарда белгілі болғандай, 20 наурызда еліміз бойынша дауыс беру барысын байқауға 11 мыңға жуық қазақстандық байқаушы қатысатын көрінеді. Семинар соңында қатысушылар сайлау додасы кезінде байқаудың әділ әрі таза болуына өз үлестерін қосатындарын жеткізді. Айта кетейік, Сайлауды бай­қау жөніндегі республикалық қоғам­дық комиссия құрамында көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет, өнер адамдары және БАҚ өкілдері бар. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».