Өткен сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Грузия Премьер-министрі Георгий Квирикашвилимен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жағдайын, өнеркәсіп пен АӨК саласындағы ынтымақтастықты, екі елдің транзиттік әлеуетін пайдалану, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану, инвестицияларды өзара қорғау мәселелерін талқылады.
Қазақстанның бірінші вице-премьері Грузияда Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингі шеңберінде жүргізіліп жатқан реформалармен танысты.
Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев Грузияның вице-премьері, экономика және тұрақты даму министрі Дмитирий Кумсишвилимен келіссөздер жүргізіп, оның барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенділігін арттыра түсу мәселелерін талқылады.
Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, сондай-ақ, Батуми теңіз портының және «ҚазТрансОйл» АҚ-қа қарайтын мұнай терминалының жұмыстарымен де танысты.