• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2016

«Құс жолы» туындысы: жаңа пайым, тың шешім

887 рет
көрсетілді

Көзді ашып-жұмғанша халықаралық Әйелдер күні мейрамын тойлайтын шақ та таяп қалды. Осы мерекеде жыл сайын ақ жаулықты аналарымызға алғыс жаудырып, ерекше құрмет көрсетілуі ежелден қалыптасқан дәстүр. Өйткені, өзіңізді мына өмірге алып келген, ақ сүт беріп, әлдилеген аяулы анаңыздан артық әзіз де мейірімді, қымбат жан жоқ бұ дүниеде. Бірақ, ана жүрегінің айшуақ лүпіліне қылдай қиянат жасаған кезіміз жоқ дей аламыз ба? Жоқ, олай емес, жер бетінде қанша тағдыр бар десек, соншама шертілмеген сыр сезіледі. Бірі жанарға қуаныш нұрын ұялатса, келесі бірінде өкініш пен өксік, нала мен наздың шері шексіз мұңға ұласады... Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған, актриса Бақыт Жұмағұлова сомдауындағы «Ана жүрегі» атты моноспектакльдің премьерасын алдымыздағы келе жатқан аналар мерекесі құрметіне тамаша тарту деп таныдық. «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі негізінде «Ана жүрегі» атауымен жарық көрген тың туындының басқа қойылымдардан сарыны да, сазы да бөлектеу. Мұнда қиын-қыстау жылдардағы Ананың туған же­ріне, халқына, ең бастысы жары мен балаларына деген оттан да ыстық махаббаты, батылдығы мен тө­зімділігі баяндалады. Мұңлық күйзелісін жеткізу арқылы актриса өз кейіпкеріне үлкен да­йын­­дықтармен келгенін, ана ажарындағы әрбір толқулы сәтті өз жүрегінен өткізе білгендігін айқын аңғартты. Шығарманы қазақ тіліне ау­дарған – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза. Режиссері – танымал актер, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтай майталман болғандықтан, халыққа бір жағынан шығарманың идеясы қызық көрінсе, екінші жағынан рөл сомдаушының шеберлігіне деген қызығушылық – елордалық театрларда да өнер иесін тұлға тұ­ту қасиетінің орныға бастағанын білдіретін белгі. Ой мен сөз. Тер мен шер. Залды тек осымен тырп еткізбей ұстап тұру кімнің қолынан ке­леді? Ол үшін, әрине, актер не актриса жай­дақ-жаяу адам бол­­мауы тиіс. Ішкі түйсігі, бі­лім-білігі терең, түрлі ситуа­ция­­дан, қиыннан қиыстырып алып шы­ғатын, жылдар бойғы жинақталған тәжірибесін пайдалана отырып, көрерменнің күткен олжасын оңай тарту ете алатын кәнігі, бесаспап шебер болуы талап етілетіні мәлім. Жалпы, ірі қойылымдар шығармашылық топ­тың жұдырықша жұмылуымен атқарылса, ал моноспектакльдің жауапкершілігі олардан артық болмаса, еш кем емес әрі әлде­қайда күрделі, жауапты екенін ескерген абзал. Мұнда барлық жауапкершілік жалғыз бір адам­ның иығына артылады. Үзіліс, іштей ойды пысықтап алу, музыкамен, бимен, басқалай қосал­қы шаралармен алдарқата тұру сияқ­ты амал-айлаңыз адыра қа­лып жататын тұста кеңістікке шы­ғарар ең оңтайлы әдіс – өзіңе деген сенім... Әлімсақтан сахна заңында рөлді жаттап орындау және осы образға басы бүтін берілу деген ұғымдар бар. Әзіз ананың жан-дүниесін терең ұғу үшін кісіге кейде бір ғұмырдың өзі аздық ететін тәрізді. Өйткені, ана жүрегінің кілті оп-оңай олжаланбайды. Мұның іші алапат сезімге толып ойналуы керек. Сезімсіз ой туа ма? Сезімсіз әлди жыры шырқала ма? Ана жүрегін аялай алған актриса ғана сондай талапқа бағынады, ана бейнесін асқақтату арқылы биікке көтеріледі. Бұл ретте актриса Бақыт Жұмағұлованың ана болмысын иілдірмей, еңсесін түсіртпей, әйелдердің жиын­тық образына айналдыра алған шебер­лігін айрықша атап өт­кеніміз абзал. Кейінгі ұрпақтың тарихқа, өткенге құрметпен қарау дағдысын қалыптастыратын мұн­дай жарқын тұлғалар әсіресе, қазіргі қоғам үшін ауадай қажет. Тыныштық бақытын бағалай білу үшін қажет. Ұлттың сана-сандығы – ана образын сомдаған Бақыт Жұ­мағұлова М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанындағы драма студиясында Әубәкір Рахымовтың сыныбынан білім алып шыққан. Жас маман алғашқы еңбек жолын 1988-1997 жылдары Талдықорған қаласының қазақ драма театрында актриса қызметінен бастады. Осы театрдағы он жылда көп­теген рөлдерді сомдады. «Пұ­ш­айман болған әулиеде» – әйел, «Ақын-Сарада» – Сара, «Шы­рағың сөнбесінде» – Света, «Пай-пай, жас жұбайлар-айда» – Зәуреш, «Еңлік-Кебекте» Еңлік бейнелерін сомдады. 1997 жылдан бері Астана қа­ласындағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма теа­трында өнер көрсетіп келеді. Сонымен қатар, актриса сахнадағы өнерінен тыс еліміздегі біршама әншілерге ән жазып, сазгерлік қырынан да танылып жүргенін айта кетуіміз керек. Қаршыға КҮЛЕН. Суретте: «Ана жүрегі» моноспектаклінен көрініс.