ҚОСТАНАЙ. 23 ақпан. №2 Қостанай қалалық соты бірнеше жылдан бері шулы істің нүктесін қойды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің физиопедиатры Айнаш Қалжанова мен осы диспансердің балалар бөлімінің меңгерушісі Светлана Балицкаяға қылмыстық кодекстің 4-тарауының, 114 -бабы бойынша «өз кәсіби міндетін салақ атқарып, науқастың өліміне себепкер болған» деген кінә тағылды. Оларға сот жаза шығарды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
2010 жылы маусымның төрті күні облыстық туберкулезге қарсы диспансердің өкпе емі бөліміне 4 жасар А.Сағындықов түседі. Оған «оң өкпенің жоғарғы тұсы алғашқы туберкулез белгілеріне шалдыққан» деген диагноз қойылады. Арада бір ай өткен соң, 3 шілдеде дәрігер А.Қалжанова бала қанының биохимиялық сараптама нәтижелерін алады. Сараптама қорытындысы бойынша қан құрамындағы жалпы белирубиннің айтарлықтай артық болуы бауырға уландырғыш әсер етіп отырғандығын анық көрсеткен. Алайда, Қалжанова уақытылы «уыттық гепатит» диагнозын қоймаған және де туберкулезге қарсы дәрі-дәрмекті балаға салуды тоқтатпаған. Баланы дұрыс емдемеу салдарынан уландырғыш гепатит дамып, біраз уақыт өткен соң науқас балада бауырдың өткір қабынуы басталған.
Кейін 21 шілдеде балалар бөлімі меңгерушісі Светлана Балицкая 19 шілде күні бала қанының биохимиялық сараптамасынан белирубин құрамы тиісті мөлшерден 5 есеге артық екенін көре тұра, арнайы дәрі-дәрмек тағайындаған. Кері әсерін тигізген дәрі-дәрмектің ұзақ берілуі бала жағдайын тіпті нашарлатып, ол 8 тамыз күні Қостанай қалалық ауруханасында қайтыс болады.
Сот үкімімен А.Қалжановаға 2 жылға бас бостандығын шектеу және 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал С.Балицкаяға 1 жыл бас бостандығын шектеу және 2 жыл дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы берілді.
Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 4-тармағы және осы баптың 4 бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай екі дәрігер де жазадан босатылды.
Жәбірленуші тараптың азаматтық сот өндірісі тәртібінде материалдық және моральдық шығынды өндіруге азаматтық шағымын қанағаттандыру құқығы қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек: Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сурет: vladtime.ru.