Шымкентте шетелдiк дәрiгерлер – Германияның Марбург қаласындағы «Гессен» травматологиялық клиникасының жетекшiсi Р.Шнетлер мен Мәскеудегi Халықтар достығы университетiнiң доцентi Д.Римашевский қатысқан операция сәттi өттi.
Емiне шипа iздеген жандар алысқа ұзамай-ақ, облыстық клиникалық аурухананың ортопедия бөлiмшесiнде мемлекеттiк квота есебiнен күрделi ота жасатып, жасанды тiзе, жамбас сүйектерiн алмастыра алады. Буын ауруларына операция жасау 2010 жылдан берi қолға алынған болатын. Алғашқы жылы 25 науқасқа ота жасалған. Қазығұрт ауданы Қақпақ елдi мекенiнiң тұрғыны Данияр Омаров өткен жылы жазда сол жақ жамбас ұршығы мен тiзесiне жасанды эндопротез қойдырған едi. Жарты жылдан кейiн ендi екiншi аяғына ота жасатуға келiптi. Науқастың жолы болды. Бұл келiсi шетелдiк бiлiктi мамандардың шеберлiк сыныбымен тұспа-тұс келдi.
– Қазақстанға екi күнге келдiм, – дейдi Р.Шнетлер бiзбен әңгiмесiнде. – Өз бiлiмiмдi және азды-көптi тәжiрибемдi қазақ әрiптестерiммен қуана бөлiсемiн. Күрделi ота жасаумен қатар, арнайы лекция оқимын.
– Сiздердегi облыстық клиникалық ауруханамен көптен берi тығыз байланыстамыз. Емдеу мекемесiнiң техникалық жарақтандырылуы керемет. Әрiптестерiмнiң кәсiби шеберлiктерiне де тәнтiмiн, – дейдi Денис Римашевский. – Алайда, медицина саласы үздiксiз iзденудi талап етедi.
Шемiршегi желiнiп, жамбас ұршығын ауыстыруға келгендердiң бiрi – сарыағаштық Аманжол Сақаев. Ота жасатқанына бiр аптадай болыпты. Науқас өзiн сергек сезiнедi. Оның ортопедия бөлiмшесiнiң меңгерушiсi Әбдiғани Құдайбергенов пен басқа да емдеушi дәрiгерлерге ризашылығы шексiз. Белсендi өмiрмен қайта қауыштырғанына дән риза.
Облыс бойынша 200-дей науқас буын ауруларын емдетуде. Қазiр олар аяғынан нық тұрып келедi. Мамандардың айтуынша, өңiрiмiзде тағы 20 сырқат кезекте тұр. Жасанды буын 15-20 жылға дейiн сенiмдi қызмет көрсетуге жарамды.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ.