• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Атырау кәсіпкерлері 198 отбасының 1009 мүшесін қамқорлыққа алды

307 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 25 ақпан. Атырау облысының 68 кәсіпкері әлеуметтік тұрмысы төмен 198 отбасының 1009 мүшесін қамқорлыққа алды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мәлімдемесіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Ел іші жомарт жандарға кенде емес. Сондай жандардың көбі тұрмысы төмен отбасыларға көрсеткен қамқорлығын жария еткісі келмейді. Дегенмен, жергілікті кәсіпкер Мұрат Сармановтың Атырау кәсіпкерлері әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету туралы бастамасын қызу қолдады. Мәселен, Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Дамбы ауылдық округінде тұратын Бибігүл Ізбасова ауылдастары, жалғыз басты ана мен мүгедекті өз қамқорлығына алса, тағы бір жеке кәсіпкер Қанапия Мұқашева да мүмкіндігі шектеулі жанды азық-түлікпен қамтуға бекініпті. Осы округтегі Ерболат Мұсаев өз иелігіндегі «Аружан» сән салонында әлеуметтік тұрмысы төмен жандарға бірнеше тегін қызмет көрсетуді, ал монша иесі Гүлжан Мұқашева бала күнінен мүмкіндігі шектелген жаннан бір жыл бойы ақы алмауды көздеп отыр. «Дәл осындай қайырымдылық танытқан кәсіпкерлер өзге аудандарда да бар. Соның бір дәлелі ретінде Индер ауданындағы Ғалымжан Нұғыманов, Сәкен Қалиев, Керімбай Сабырғалиев және Қалқаман Ахметов сынды шаруа қожалығының жетекшілері мен кәсіпкерлер 65 мүшесі бар 15 отбасына бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік сатып бергенін айтуға болады. Мұндай жомарт жандар Жылыой ауданынан да табылып отыр. Осы ауданда тұратын кәсіпкер Мағауия Мерғалиевтің жомарттығы өзгелерге ой саларлықтай. Ол қазір Құлсары қаласында 160 орындық балабақша құрылысын жүргізіп жатыр. Кәсіпкер жігіт мектепке дейінгі бірден-бір тәрбие орны – балабақшаны мемлекетке түбегейлі тарту етуді ойластырып отыр. Тағы бір жылыойлық іскер жігіт Бағытжан Достанов өзінің туып-өскен ауылы – Шоқпартоғайда спорт кешенінің құрылысын аяқтады. Ал Құрманғазы ауданында Нұрлан Құсайынов 99 жастағы әжеге үй салып берді. «Геолог округінде өткен есептік жиында жергілікті кәсіпкер Мұрат Сарманов деген азамат сөз алып, әлеуметтік әлжауаз екі отбасын өз қамқорлығына алуға дайын екенін айтты. Қоғам «Не аламын емес, не беремін» дейтін осындай адамдарға мұқтаж. Барлық аудан әкімдеріне ауыл-аудандарда Сарманов сияқты жігіттерге ой салуды тапсырдым. Қазір Сарманов бастамасына облыстың 68 кәсіпкері қосылып, 1009 мүшесі бар әлеуметтік әлжуаз 198 отбасын қамқорлығына алды. Сондай-ақ, облыстағы 139 дүкеннен әлеуметтік сауда нүктелері ашылды. Мұқтаж жандарға азық-түлік 10-50 пайыз аралығында жеңілдікпен сатылады. Бұл әлеуметтік сауда нүктелері 3 мыңға жуық адамға қызмет етіп отыр», – деп мәлім етті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: egemen.kz. Сурет: sxodim.kz.