• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

«Мәңгілік ел» пойызы Павлодар қаласына келді (фото)

322 рет
көрсетілді

ПАВЛОДАР. 25 ақпан. Астанадан Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай сапарға шыққан «Мәңгілік ел» пойызы Өскемен, Семейді аралап, Кереку  өңіріне келді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Сапарлатып келе жатқан пойызды 24 ақпан күні теміржол вокзалынан қала әкімі Болат Бақауов бастаған Ассамблея, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жергілікті жастар бастап, қала тұрғындары қарсы алды. «Өндірісті өңірге келгенімізге  қуаныштымыз. Біздің жолға шыққандағы мақсатымыз – Елбасының «Мәңгілік ел»  идеясын ел ішінде насихаттау, елдік мақсаттарды, ұлттық құндылықтарымызды  дәріптеу. Пойыз құрамындағы 98 адамның бәрінің де ойлары бір елдегі қабылданған реформалардың мән-жайын түсіндіріп, тұрғындарға жеткізу. Біздің топ құрамында мемлекеттік органдардың бас мамандары, әлеуметтік және медицина саласының қызметкерлері, банк кеңесшілері бар. Арамызда 30 дәрігер тұрғындарға кеңес береді», – деді пойыз жетекшісі Әміржан Әлпейісов. Бұдан кейін топ мүшелері облыс орталығындағы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында пойыз қонақтарының қатысуымен дөңгелек үстел басында ұлтаралық келісім, елдегі тұрақтылық, өркендеу, Тәуелсіздік талаптары аясында әңгімелесу өтті. Ал дәрігерлер облыс орталығындағы №3 емханада қабылдау жүргізді. «Мәңгілік ел» пойызының жетекшісі Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, пойыз құрамы басқа облыстарды аралап Павлодарға келіп жеткенге дейін 7,5 мың адамды қабылдаған екен. Осыған дейін хабарланғандай, жолаушылар пойызының құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, сарапшылар, дәрігерлер бар, олардың әрқайсысының халыққа әлеуметтік көмек көрсету, бес институционалдық реформаны түсіндіру, консультативтік көмек беру жөнінде өз жұмыстары бар. «Пойыздың келуі әрине, қарапайым тұрғындар үшін жақсы. Өткен жылдары басқа атаулармен келіп жүрді. Барлық сауалдарына жауап алды деп ойлаймын. Халық риза. Әсіресе, дәрігерлерге қаралып кеңестер алғандарына алғыс айтуда. Екіншіден, «Мәңгілік ел» деп жол бойымен келген үгіт-насихат пойызының келуі әр адамның бойында елге, жерге деген отансүйгіштік сезім тудырары анық», – дейді Қзақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, құрамына 100-ге жуық мүшесі бар, 9 вагоннан тұратын пойыз сапары барысында біздің мамандар құрамы ауысып, жаңарып отырады. Мақсат – ауыл тұрғындарының, соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өтініш-тілектерін тыңдап, жауап беріп, құқықтық және медициналық тұрғыда кеңес беріледі. Жеке кәсібін ашып, бизнеске бастағысы келетін кәсіпкерлерге де көмек көрсетіледі. Мәдени-спорттық шаралар, концерттік бағдарламалар ұсынылады», – дейді «Мәңгілік ел» мамандандырылған арнайы пойызының жетекшісі Руслан Барбасов. Пойыз сапары ары қарай  өндірісті Екібастұздағы кездесулермен жалғасты.. Фарида Бықай. Дерек: egemen.kz. Сурет: Мақсат Айтбаев.