АТЫРАУ. 25 ақпан. Атырауда сот шешіміне наразылық танытқан жігіт үстіне бензин шашып, өзін-өзі өртеуге әрекет жасады. Осыған орай облыстық соттың баспасөз қызметі түсінік берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бүгін таңертең Атырау облыстық соты ғимаратының алдында болған оқыс оқиғаның өрбуі сот шешіміне разы болмаудан туындаған. Осыған орай облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан түсінікке жүгінсек, өзін-өзі өртеуге әрекеттенген жігіт 2014 жылдың аяғында анасы мен бауырынан 3,8 млн. теңге сомасындағы ақшалай үлесті бөлісу үшін сотқа жүгінген. Атырау қалалық соты 2014 жылдың 26 желтоқсанында туыстардың арасындағы жер телімі мен тұрғын үйге байланысты дауды саралап, талап етушінің пайдасына 3,8 млн. теңге мен сот шығынын өндіріп беруге шешім шығарады. Кейін бұл іс апелляциялық және кассациялық инстанцияларда қаралып, талап арыз берушінің пайдасына төленетін қаражат 2 млн. теңгеден сәл асатын сомаға дейін төмендетіледі. Соттың 2015 жылғы 30 шілдедегі қаулысын шығаруына тұрғын үй мен жер телімінің нарықтағы бағасы ескеріледі.
Соттың бастапқы шешімді өзгертуінен туыстарынан өзі ойлағандай үлесті ала алмағанына наразылық танытқан жігіт өзін-өзі өртеуге әрекеттенді. Қазіргі таңда ол 2 және 3-дәрежелі күйікпен ауруханада жатыр.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.