• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Атқарылған істер аз емес, ол алдағы уақытта да жалғасын табады

451 рет
көрсетілді

Әкімдердің облыс тұрғындары алдында жылды қорытындылап есеп беру міндеттілігіне сай, Маң­ғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өзінің есепті баяндамасын жария етті.  Есепте әкім 2015 жылы Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту үшін жасалған жұмыс­тарды, көрсеткіштерді баяндап берді. Өңір экономикасының дамуы 1,2%-ға өсті. Адам басына шаққандағы өңір­­­­­­­лік өнім көрсеткіші бойынша облысымыз республикада 4-ші орында. Өндірістік өнеркәсіп көлемі 1,6 трлн.теңгені немесе нақты көлем индексі 96%-ды құрады. 2015 жылы соңғы үш жыл ішінде бірінші рет табиғи газ өндірісі 24%-ға өсіп, оның көлемі 2,5 млрд.шаршы метрді құрады, деген облыс әкімі, бұл көрсеткішке Бейнеу ауданында «Шағырлы-Шөмішті» газ кен орнының іске қосылуы нәтижесінде қол жеткізілгендігін атап өтті. Маңғыстау облысындағы мұнай өндіруші компаниялар өткен жылы 18,5 млн. тонна мұнай өндірген, сон­дай-ақ, мұнай бағасының әлемдік нарық­тағы төмендеуіне байланысты, бұрғылау және жөндеу жұмыстарына арналған шығыстар қысқартылған. Энергоресурстар бағасының төмен­деуі біздің мұнай компания­ларының қызметіне де әсерін тигізді. Сондықтан, мұнай компанияларының қаржы жағ­дайын төмендетпеу мақсатында, өт­кен жылы біз олардың салықтық төлем­дерін азайту мәселелері бойынша нақты шаралар қабылдадық. Атқарылған жұ­мыстар нәтижесінде бүгінгі таңға экспорттық кеден салы­ғының мөлшері тоннасына 80 доллардан 40 долларға дейін төмендеді. Ал, осы жылдың нау­рызынан бастап мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасына сәйкес, кеден салығы өзгертіледі, деді А.Айдарбаев. А.Айдарбаевтың есебінде облыс­тағы жергілікті және респуб­ликалық маңыз­дағы жол құрылысы мәселесі қамтылды. Маңғыстау облы­сының транзиттік әлеуетін кеңейтіп, теңіз арқылы да, құрлық ар­қылы да әлемнің бірқатар елдеріне шығып кете алатын қақпа ретінде мүмкіндігін лайықты пайдалану үшін жасалып жатқан жұ­мыстар таныс­тырылды. Индустрияландыру картасының бесжылдығын қорытындылап, былтыр екінші бесжылдықтың жария­лан­ғандығын айтқан облыс әкімінің айтуынша, осы мерзім ішінде Маң­ғыстауда 225 млрд. теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Жаңа бесжылдықтың алғашқы жылы, яғни былтыр өңірде 700 жаңа жұмыс орнын ұсынған 50 млрд. теңгенің 11 жобасы енгізілген. Өңірде жұмыс жасайтын «Жаңаөзен сүт зауыты», «Берекет-Ф», «Ақтау сүт» және «Милина фуд продакшен» компаниялары сынды сүт өнімдерін өндіретін 4 ірі кәсіпорын өз тауарларымен өңір сұранысының 30%-ын қамтамасыз етіп, жергілікті қамтуды көбейтуге үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ, облыстағы 116 ша­р­уа қожалығы тұтынушыларын жеміс-жидек және бақша өнімдерімен 50 пайызға қамтамасыз етеді. «Бейнеу астық терминалы», «Мага бред» және «Берекет-Ф» сияқты 2 ірі зауыты және 30-ға жуық нан пісіруші орындар нан өнімдері және ұнмен ішкі сұ­ра­­­нысты 100%-ға қамтамасыз етіп отыр. Маңғыстау облысындағы іргелі істердің қатарында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағынан салынған «Азерсун» өндіріс және логис­тикалық орталығын, «Софи Мед­групп» көпсалалы клиникасын, Ақтау теңіз солтүстік терминалын ата­ды. Әкімнің айтуынша, аймақтың дамуында тұрғын үйлер құрылыстары белсенді бағыттардың бірі болып табылады. Құрылыс жұмыстары есепті мерзімде 180 млрд. теңгені құрап, салада инвестиция көлемі 8 пайызға өскен. Облыста 645 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп. Бұл жұмыстар нәтижесінде 5 мыңнан астам тұрғындар жаңа баспанаға ие болған. Маңғыстау өңіріндегі маңызды мәсе­­лелердің бірі – ауызсу. А.Айдар­баевтың есебінен бұл тұрғыда облыс­тың елді мекендерін орталықтандырыл­ған сумен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда екен­дігін білдік. «Ақ бұлақ» бағдар­ламасы аясында 20 млрд. теңге инвестиция салынған 57 жоба жүзеге асырылған. Соңғы үш жылда облыс тұрғындарын ауызсумен қамту 70 пайызға жеткен. А.Айдарбаев Түпқараған, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қала­ларының даму барысына қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығы, азық-түлік та­уар­­ларының баға индексі, өңірлік тұ­рақтылық қоры, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құ­рылысы, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру және туризм салалары, жұ­мыс­сыз жастардың мәселесімен айналысатын «Жаңа серпін» бағдарламасы туралы баяндады. Есеп беру соңы әдеттегідей сұрақ-жауапқа ұласып, арнайы ашыл­­­­ған орталықтарға келіп түскен сауалдарға он күн ішінде жауап бері­летіндігі айтылды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.