Қазақстанның Коммунистік халық партиясынан (ҚКХП) Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізіміне енгізілгендер кеше Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы қылқалам өнері шеберлерінің музейінде болып, осындағы қызметкерлердің алдында өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Қылқалам өнерінің Қазақстанда қаулап өрістеуіне социалистік қоғамның кең өріс ашқанын еске ала отырып, депутаттықтан үміткерлер қазір ондай қолдаудың жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, кеңестік кезең суретшілерінің еңбек даңқын арттыру, коммунистік идеяларды, жарқын болашақты қалың қауымға тарату жолындағы еңбектерін жоғары бағалады.
Әсіресе, партия төрағасы Владислав Косарев бұл тарапта кеңінен көсіліп, қылқалам өнері билік тарапынан әрқашан да қолдауды қажет ететінін айтты. Бүгінгі таңда осы тарапқа бөлінген бюджет қаражаты тиісті нәтижелер бере алмай отыр. Егер нәтижелі болса, Әбілхан Қастеев, Сахи Роман, Гүлфайруз Исмаилова және т.б. сияқты еліміз ғана емес, алыс шетелдерге танылып жатқан суретшілер неге жоқ, деді ол. Сонымен қатар, ол кеңестік кезең идеологиясының тәсілдерімен батыстық қылқалам өнерін, олардың ұстанған еркіндік, авангардтық позицияларын сынады. Сөзінің қорытындысында ол қылқалам өнерінің қызметкерлерін өздеріне дауыс беруге шақырды.
ҚКХП Алматы қалалық комитетінің жетекшісі Магеррам Магеррамов коммунистер Батыстың мәдениетті, барлық өнерді пайда табу құралына айналдырып жібергеніне қарсы екенін айтты. «Батыс мәдениеті бизнестің саласына айналып кетті. Ол материалдық құндылықты ғана жоғары қоятын болды. Ал біз қоғамды өзіміздің бай мәдениетімізбен тәрбиелеуіміз керек», – деді М.Магеррамов.
ҚКХП атынан Парламент Мәжілісі депутаттығынан тағы бір үміткер, бесінші сайланымның депутаты Ирина Смирнова да өзінің сөзінде Батыс мәдениетіне біршама сындар айтып, «бұл факторлар тұлғаның рухани дамуына кері әсерін тигізіп отырғанын» атап көрсетті.
Кездесу барысында коммунистер музейдегі кеңес авангардизмі суретшілерінің экспозициясын да тамашалады. Оларға К.Юон, П.Кончаловский, П.Корин, А.Пластов және т.б. кеңестік кезең суретшілерінің туындылары біршама жақсы әсер етті.
Салтанат соңында коммунистер музей әкімшілігіне алғыстарын білдіріп, мұражайдың тұлға қалыптастыруда және рухани құндылықтарды сіңіруде алатын орнын ерекше атап өтті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.