«Ақмола Медиа Орталығында» сайлау науқанын байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалы жергілікті байқаушылармен семинар-тренинг өткізді. Оның басты мақсаты әділ сайлау мен сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.
Семинарға қатысқан республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі Тамара Ширмер комиссия сайлауалды науқанының демократиялық қағидалар талаптарына сай ұйымдастырылуына, азаматтардың еркін пікір ұстанымын қамтамасыз етуге септесетіндігін атап көрсетті.
– Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) өзінің 10 жылдан астам қызметінде саяси бейтараптық, ашықтық және әділдік қағидаттарын ұстанып келеді, – деді Т.Ширмер. – Комиссия құрамы елімізге белгілі, құрметті азаматтардан, өзіндік пікірі қалыптасқан қоғам қайраткерлерінен, ғалымдардан, сарапшылардан, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен іріктелген. Комиссияның өңірлік буындарының әлеуеті де зор. Біздің негізгі мақсатымыз – сайлау науқанының ашықтығын, сондай-ақ, сайлаушылар мен үміткерлердің конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.
Комиссия мүшелері Қазақстан азаматтарын сайлаудың заңдық нормаларға сай, жалпыға ортақ құқықтық негіздердің қатаң сақталуы жағдайында өтетіндігінен кеңінен ақпараттандырылуын және бұл нормалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге тиісті. Әрбір азамат сайлауға қатысуы және өзінің азаматтық ұстанымдарын еркін білдіруге мүмкіндік алуы шарт. Бейтарап қоғамдық бақылау электораттық жағдайға оң ықпал етіп, тұрғындардың саяси-құқықтық мәдениетінің артуына жағдай жасайды. Біздің ұйымдық-практикалық жоспар-кестеміз бойынша осындай семинарлар, дөңгелек үстел мәжілістері өткізіліп, байқау ісі барлық сайлау учаскелерінде жүргізілетін болады.
СБРҚК облыстық филиалының төрағасы Ғосман Төлеғұл облыс қалалары мен аудандарынан келген байқаушыларға қойылып отырған міндеттер туралы кеңінен түсінік берді: «Байқаушы – сайлаудың өткізілуі барысын қадағалаушы әрі тікелей куәгер, – деді ол. – Қоғамдық ұйымның мүшесі алдымен өз міндетіне адал болуы керек. Біз қоғамның атынан әрекет етеміз, сондықтан, әділдікті, ашықтықты, адалдықты қамтамасыз етіп, сайлау барысы мен дауыстарды санау кезінде орын алуы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алуымыз қажет».
Семинарды ұйымдастырушылар оған қатысушылардың пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап қайтарды. Комиссия мүшелері кездесудің алғашқы күнінде Көкшетау қаласындағы №1 және №3 мектептерде, «Достар» мәдениет сарайында орналасқан сайлау учаскелері мен округтеріндегі жұмыспен танысты. Кеше олар Бұланды және Ақкөл аудандарында семинар өткізді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».