• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Қалдық қағаздар кәдеге жарап тұр

728 рет
көрсетілді

Бұрын сенбілік кездерінде макулатура жинап, тапсыратын едік. Жазылып біткен оқушы дәптерлері мен сурет дәптер­лері, мұғалімдер бөлмесінен шық­қан құшақ-құшақ қағаздарды абыр-сабыр көп­шілік көлікке тиейтін, ал көлік оларды әлдеқайда алып кетуші еді. Беріліп, бел­сене жұмыс жасап жүрсек те, ол қағаз­дарды қайда апарады, не істейді – мәнісін түсіне бермейтінбіз. «Қағазды қайта­дан өңдеп, әртүрлі нәрселер жасайды» деп түсін­діретін интернаттағы бізден жоға­ры сыныптарда оқитын оқушылар жасы­ның үлкендігіне салып білгішсіне сөйлеп. Кейін білдік, рас екен. Бірақ, макулатура жинау сап тыйылды – қопыраған қағаздар ауыл-үй арасына шашылып, желмен бірге жүйтки жүгіріп, шаңмен бірге көкке қалықтай көтеріліп барып, жерге құлдилай құлаған соң, әр шөптің басына ілінген қоқысқа айналды. «Қазір неге макулатура жинамайды екен? Сан-сапат қағазды қайта өңдеп, одан халықтың тұтынуына қажетті нәрсе жасайтын орындар неге жоқ?» деген ой келетін. Жуырда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы аумағында ашылған жаңа «Ақтау қағаз зауыты» ЖШС осы ойдың жауабын ұсынды. Дәретхана қағазын дайындайтын цех сұранысқа ие өнімді өндіретін өңірдегі ғана емес, батыс аймақтағы бірден-бір жаңа кәсіпорынның бірі. – 2007 жылдан бастап дәрігерлік қалдықтарды жоюмен айналыстық. Бізге өңірдегі кәсіпорын, мекемелер жиі хабарласып, макулатурасын тапсыруға ниет білдіретін. Осы кездерде маған пайдаланылған қағаздарды қайта өңдеу туралы ой келді. Кешікпей өз қаржыма жабдықтар сатып алып, орнаттым. Өңір­дегі мемлекеттік органдар, ірі мұнай компаниялары мен ескірген мұрағат қағаздарын өңдеу арқылы дәретхана қағаздарын шығара бастадық, – дейді «Ақтау қағаз зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сұңғат Еділбаев. Зауыт жұмысы бірте-бірте еңсесін тіктеп, жұмыс көлемі мен өнім көлемін ұлғайтып келеді. Басшылық енді техни­калық қажеттіліктерге пайдаланылатын қағаз сүлгілер дайындауды жоспарлап отыр. Жаңа сүлгі мұнайшылар, жүргі­зушілер мен өндірісте жұмыс жасайтын­дар үшін қолайлы және ол қазіргі қолда­ныстағы жұққан майды, қолды сүртетін шүберекті алмастыратын болады. Сон­дай-ақ, қағаз салфеткалар мен үй тірлігі­не арналған қолорамалдарды шығарып, әртүрлі көңіл көтеру орындарына ұсын­бақ. Сапа жағынан жоғары, құны жағы­нан арзан болатын өнімді отандастарымыз тұтынады деген сенім бар. Қазіргі таңда тәулігіне 8 сағат жұмыс жа­сайтын цехта жақын күндері жұмыс орын­дары­ның санын көбейтіп, тәулік бойы жұмыс жасау жолдары жоспарланып отыр. Қаржылық жағдайға байланысты салқын цех ішіне жылуды алмастыратын газ жүйесін орнатуға мүмкіндік туды. Жұмыс орнының салқын болуы жұмысшылардың толыққанды жұмыс жасауына мүмкіндік бермей, сол арқылы өнім өндіруге әсер ететіні белгілі. Осы келеңсіздікті ауыздықтау үшін Ақтау қағаз зауыты басшылығы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына хабарласып, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның халық банкі арқылы жеңіл пайызбен 40 млн. теңге көлемінде несие алуға қол жеткізсе, банк жалпы сомадан 17,5 млн. теңге алғашқы траншты бөлді. Оған арнайы жабдықтар алып, орналастырған кәсіпкер екінші траншпен бөлінетін қаржыға макулатура және дайын өнімдер үшін қойма салуды көздеп отыр. Жоқтан бар жасап, кетікке кірпіш болу ел дамуына үлес қосам деген жан­ның мұраты. Макулатурадан өнім жасап отырған кәсіпкер азаматтың өнімі ел қажетіне жарайтыны анық. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.