Онда мейрамхана, конференц-зал, жаттығу алаңы орналасқан
Жалпы аумағы үш мың шаршы метр жерді алып жатқан «GREEN WHICH» төрт жұлдызды қонақ үйінің салтанатты ашылуына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, бұл қадам шетелдік инвесторлармен өткізілген екіжақты бизнес-форум шеңберінде жүзеге асқан серпінді жоба болып табылатынын атап көрсетті.
Кірсе, шыққысыз төрт қабатты ғимараттың ішкі-сыртқы безендірілуімен астаналық «Сергей Филатов» дизайн студиясы айналысып, табиғат-ананың бейнесімен астастырып, жасыл түске ерекше басымдық бергені аңғарылады. Қонақүйдің басқарушы менеджері Анар Шаймұқанованың сөзіне қарағанда, жиһаздардың басым көпшілігі арнайы тапсырыспен австриялық ағаштан жасалған. Құрылыс жұмыстарына экологиялық жағынан таза жергілікті материалдар да пайдаланылған.
Стандарт, бизнес, жартылай люкс, люкс, президенттік санаттарға бөлінетін 40 бөлмеде сервистік қызмет көрсетудің барлық жағдайлары қарастырылған. Меймандар үшін мейрамхана, конференц-зал, жаттығу, спорт алаңдары жұмыс істейді.
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан».
ПЕТРОПАВЛ.