• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Жақсыдан ешкім кете қоймайды

267 рет
көрсетілді

Премьер-министр Дэвид Кэмеронның ұсынысын талқылай келіп, Ұлыбританияның парламенті өз елінің Еуропалық Одақтың құрамында қалу-қалмау жөніндегі мәселені биылғы жылы 23 мау­сымда өтетін жалпыұлттық референдумда анықтауды белгіледі. Бұл – біраздан бері айтылып келе жатқан әңгіме. Ұлыбританияның бұл Одақтан шығуына тіреліп тұрған да ешнәрсе жоқ. Ол кеткеннен Еуроодақ күйреп қалмайды, ал бөлініп шыққанда да Лондонның көсегесі көгеріп сала бермейді. Бұл өзі саяси ойынға жақын нәрсе. Сол Ұлыбританияда бір қауым жұрт бұл Одақтан бөлінсек, сол Одаққа кіретін, әсіресе, кейін қосыл­ған әлсіздеу елдердің ауыртпалығын көтермейміз, табысымыз өзімізде қалады, жағдайымыз жақсара­ды деген пікірде. Бұл, ең алдымен, электорат. Олардың пікірін тыңдамауға болмайды, онда сайлауда жеңілесің. Соны ескеріп, Кэмерон сайлау науқаны кезінде бұл мәселеге байланысты 2017 жылдан кешіктірмей референдум өткіземін деген. Енді уәдесін бір жыл бұрын орындамақ. Әрине, Еуроодақ өзінен Ұлы­британиядай беделді елдің, үлкен экономиканың кетпегенін қалайды. Содан да оған кетпе дейді. Тіпті, оның біраз шарттарына құлақ та қояды. Әйтпесе, бұл Одақтың өз жарғысы бар. Ол жұрттың бәріне ортақ, оған қазіргі мүше 28 елдің бәрі тоқтайды. Сөйтсе де, жақында өткен Еуроодақ сам­миті ағылшындардың ұсыныс-шарттарын қабылдағандай да болып отыр. Бұл қандай талаптар, қан­дай шарттар? Біріншіден, дей­ді олар, Ұлыбританияны «Еу­ропалық супердержава» құру ісіне қоспайсыңдар. Енді ешкім де ешкімді қосыласың деп күш­темейтін шығар. Екіншіден, еуро ресми түрде бірден-бір еуровалюта деп есептелмесін дейді. Айтты-айтпады, бұдан жағдай өзгере қоймасы да белгілі. Қазір 19 ел еу­роны пайдаланса, басқалар өз валю­таларын қолданады. Үшінші талапта біраз кілтипан бар – ұлттық парламенттердің Еуроодақтың директиваларын қабылдамауға құқылы болуын талап етеді. Бү­гінге дейін Еуроодақ өзіне мүше елдердің ұлттық мүдделерін тұ­қыр­тып та отырған жоқ, сөйтсе де, мұны атап көрсету жөн де секілді. Қандай одаққа кіргенде де әр елдің өз ұлттық мүддесі бірінші кезекте тұрғаны жақсы. Ағылшындардың төртінші талабын да шартты түрде қабылдауға болар еді. Олар еуровалюталық аймақтағы 19 ел оған кірмеген 9 елге үстемдік етпесін дейді. Бұл «үстемдіктің» мынадай шегі бар деп көрсетілмеген соң, бұл жай әңгіме түрінде қалатыны анық. Қалай дегенде де, Брюссель мен Лондон келісімге келді. Еуропалық Кеңестің төрағасы Дональд Туск Еуроодақ пен Ұлыбритания ара­сындағы келісімге бірауыздан қол жетті деп мәлімдеді. Еуро­одақ комиссиясының төр­аға­сы Жан-Клод Юнкердің: «Ұлы­британия үшін әділ болған нәр­се – Еуроодаққа мүше 27 ел үшін де әділ», деген сөзі, сірә, мәтелге де айналар. Көңілі тол­ған Дэвид Кэмерон: «Ертең мен оны министрлер кабинетіне жет­кіземін», деді. Ол парламентке де жеткізді. Парламент алда бола­тын референдумның күнін де белгіледі. Содан кейін халық арасында жүргізілген сауалдамаға қарағанда, елдің Еуроодақта қалу­ын жақтайтындар саны одан шығуды жақтайтындардан 15 пайыз артық болып отыр. Ал бұрын керісінше, шыққан жөн дейтіндер көп еді. Бұрын Еуроодақты ұнатпай­тындар, қалай да бір ілік із­де­генде, бұл Одақ іштен іріп жатыр, Ұлыбритания бөлініп кетпек деп қуанатын. Енді қуана қоймайды. Сонан соң, мигранттарды орналастыра алмай жатыр деп шулайтындар да көп. Ал шын мәнінде босқындар легі әлемді тітіреткен қасірет болса, соның бар ауыртпалығын көтеріп отырған да Еуроодақ елдері. Қаншама қасірет шеккен адамды шамаларына қа­рай қабылдап, көмегін көрсетіп жатқан да солар. Сол Еуроодақты сынайтындар ондай босқындарды маңына жолатпайды. Босқындар оларға бармайды да. Еуроодақ елдері соңғы жылдары айтарлықтай қиындыққа душар болды. Әсіресе, экономикалық дағдарыс біраз елді күйзелтті. Сон­да олар осы Одақтың көмегімен еңсесін көтерді. Әлемнің талай өңірінде әскери қақтығыстар етек алған. Ал Еуроодақ аймағында бұл жоқ. Содан да басқалар бұл Одаққа ұмтылады. Ал Ұлыбританияның одан кетеміз деп біраз өрекпігені жай бопса іспеттес. Жақсыдан ешкім кетпейді. Қайта оларға қо­сылуға ұмтылады. Моралестің өзіне өкпелегені жөн шығар Боливияда ел конституциясына өзгеріс енгізіп, қазіргі президент Эво Моралестің төртінші мерзімге сайлануы үшін 2019 жылы күреске түсуіне мүмкіндік беру мәселесі бүкілхалықтық референдумға қойылып еді, дауыс бергендердің көпшілігі оған қарсылығын білдірді. Референдум алдында дауыс берудің нәтижесі қандай болса да, оны дұрыс қабылдаймын деген Моралес, сірә, мұны күт­педі ме екен, өзінің жеңілісін оп­позицияның әлеуметтік желілер арқылы билік жайында жалған мәліметтерді таратқанынан көріп отыр. Ал Венесуэла президенті Николас Мадуроның пікірі бас­қарақ. Оның ойынша, бұл – АҚШ им­периализмінің қолымен жасалған нәрсе. Қалай болғанда да, Моралес жеңіліс тапты. Жалпы, Моралестің қазір ха­лыққа өкпелейтін жөні жоқ. Бұл елде 1825 жылдан президенттік сайлау өтіп келе жатса, ол ел бас­шылығына түпкілікті халық арасынан сайланған тұңғыш қайраткер болды. Сонымен бірге, бү­кіл ел тарихында президенттікте ұзақ болған да Моралес. Ол 2006 жыл­­­дан бері билік тізгінін ұстап келеді. Бұл елдің заңы бойынша президенттікке жұрт бір-ақ мерзімге сайланады. Ал Моралес қазір үшінші мерзімді атқарып отыр. Төртіншіге құмартып еді, оны халық қаламады. Оның бұрынғы сайланғаны да қызық болған. Рас, алғашқы сайлануы заңды еді, ол халықтың қолдауына бөленді. Алғаш рет түпкілікті халық өкілінің сайлануы үлкен мерекеге айналды. Ойдағы біраз шаруаны жүзеге асырды. Әсіресе, өнеркәсіптегі біраз кәсіпорынды жекемен­шік­тен мемлекет меншігіне алды. Оны халық жөн деді. Сонда ол өзінің бұл қадамдарын алда да жалғастырмақ болды. Ол үшін екінші мерзімге сайлануы керек. Оған ел Конституциясы мүмкіндік бермейді. Оны өзгерту үшін парламент референдум өткізуге шешім қабылдауы тиіс. Ал конгресс оған көнбеді. Онда оппозиция өкілдері көбірек. Сонда Моралес басқа жерде кездесе қоймайтын оқыс әрекетке барды – аштық жариялады. Иә, ел президенті аштық жариялады! Күлкілілеу жағдай. Арада алты күн өткенде президентті аштан өлтіріп алмайық дегендей, оппозиция келісімін берді. Сөй­­тіп, 2009 жылғы сайлауда жеңіске жетті. Үшінші мерзім­ге сай­лануына конституциялық сот көмектесті. Оны 2014 жылғы сай­­лауға қатыссын деген шешім шығарып берді. Моралес қатысты да жеңіске жетті. Төртінші мерзімге талап кү­шейді. Сайлауға қатысуын халық шешсін деп, мәселені рефе­рен­думға шығарды. Бұл жолы халық қолдамады. Қалай болғанда да, Моралестің халыққа өкпелейтін жөні жоқ, біраз жыл қолдады, бі­рақ нәтиже ойдағыдай болмады. Еңбек ет те міндет ет деген бар. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.