АСТАНА. 29 ақпан. Баскетболдан ВТБ Бірыңғай лигасының кезекті турында «Астана» Латвияның ВЭФ командасын қабылдап, 71:89 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен кездесуді біздің жігіттер өте жақсы бастаған еді. Тіпті алғашқы екі кезең қорытындысы бойынша елордалықтар есепте алда тұрды. Алайда, үшінші және төртінші бөлікте босаңдық танытып алған «Астана» басымдықты қарсыласына беріп қойды. Нәтижесінде ВЭФ жеңіске жетіп, сырт алаңда ұпай еншілеп кетті.
Ойын барысында «Астана» сапынан 17 ұпай жиған Алексей Жуканенко ең нәтижелі ойыншы атанса, латвиялықтар қатарынан Джошуа Бостич үздік шықты. Ол 40 минутта еншісіне 26 ұпай жазып үлгерген болатын.
Айта кетейік, «Астана» лига шеңберінде осымен қатарынан бесінші рет жеңіліп отыр. Бүгінде турнир кестесінде 14-орында келе жатқан командамыз келесі кездесуін 5 наурызда Минскіде жергілікті «Цмоки-Минскпен» өткізеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: bcastana.kz.