АСТАНА. 29 ақпан. 8 наурызда «Астана Арена» стадионында футболдан еліміздің қазіргі чемпионы «Астана» командасы мен Алматының «Қайраты» Қазақстан Суперкубогын сарапқа салады. Осыған орай матч өтетін уақытта қалада көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты – astana.gov.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ойын сағат 15:00 басталады. Сағат 13:00 Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары бойында Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы тоқтатылады. Жолдар матч соңына дейін жабық болады. Сондықтан әуежайға баратын астаналықтарға және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына полицейлер айналып өту жолдарын алдын ала жоспарлауды ұсынады. Ең ыңғайлы жол – Орынбор көшесі арқылы жүру.
Дәстүр бойынша футбол әуесқойлары үшін арнайы трансфер ұйымдастырылады. Автобустар жанкүйерлерді бес жерден алып кетеді. Олар: «Қазақстан» спорт сарайының жанындағы тұрақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның, «Әзірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешіттерінің жанындағы тұрақтар, сондай-ақ, елордалық цирк жанындағы тұрақ.
Астана қаласы ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі жанкүйерлерді бұл күні қоғамдық көлікті пайдалануға шақырады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: astana.gov.kz.