• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
29 Ақпан, 2016

Қызылордада Алғыс айту күніне орай салтанатты жиын өтті (фото)

468 рет
көрсетілді

АСТАНА. 29 ақпан. 1 наурыз  – Алғыс айту күніне орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында «Адал сезім, шын ниетпен алғыс айтам еліме!» атты салтанатты жиын өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Шараға облысымыздағы этно-мәдени бірлестік өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлары мен студент-жастары қатысты. Жиын елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностардың қазақ жеріне келу тарихы жайлы деректі фильммен басталды. Салтанатты кештің ашылуында университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов қазақтың кең байтақ даласын ме­кен еткен 130-дан аса ұлт пен ұлыстың ынтыма­ғын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір ар­наға тоғыстыратын бұл мерекенің маңыздылығына тоқталды. «Тарихи деректерге сүйенер болсақ, 1946 жылы КСРО-да жалпы жер аударылғандар саны 2 млн. 463 940 адам болса, олардың қазақ жерін паналағандары 1 млн. 200 мың болды. Орта Азияға қоныс аударғандардың 36%-ы қазақ жерін паналаған.  Біздің ата-бабаларымыз қиын-қыстау кезеңде өзінің мейірімі мен парасатын осылай танытты. Ұлы Дала Елінен пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің бүгінге дейін бізді аса құрмет тұтып, қадірлейтіні де осыдан», – деді университет ректоры Қылышбай Бисенов. Кеш аясында облыстық корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Вилорий Шин, «Қазақстан орыстары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Владимир Толоконников, облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығының директоры Уалихан Ибраевтар сөз сөйлеп, қазақ халқы қай кезде де қысылғанға дем беріп, қиналғанды қолтығынан демеген ұлы дала ұрпақтары екендігін ерекше сезіммен жеткізді. Мерекелік кеште орыс, украин, корей, поляк, моңғол, итальян халықтарының ұлттық әндері орындалып, «Дидар» халықтық би ансамблінің қойылымдары сахналанды. Сонымен қатар, университетте білім алып жатқан өзге ұлт студенттері өздерінің алғыстарын жеткізді. Аян Әбдуәли. Дерек, сурет: egemen.kz.