«Шаңырақ» отбасы клубының мүшелері ең алдымен Елбасына алғыс айтуды ұйғарды
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, – делінген 16 адамның қолы қойылған Алғыс айту хатында, – біз, «Шаңырақ» отбасы клубы Сіздің 2015 жылы 23 сәуірде Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ ссессиясында жыл сайын елімізде Алғыс айту күнін атап өту жөніндегі ұсынысыңызды қуана қарсы алған болатынбыз. Сіздің идеяңызды бірауыздан қолдай отырып, бұл мерекенің адамдарды бір-біріне барынша жақындастыратын айрықша мейрам болып қалыптасуына атсалыса береміз. «Барлық ұлттар бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді» деген өсиетіңізді елді елдікке, бірлікке үндеген басшының парасаты деп білеміз...
Мерекелік іс-шараларға қатысқан тәжік, корей, орыс, әзербайжан, тағы басқа этнос өкілдері «Қазақстан өз еліміз!», ««Алғыс айту күні мерекесі – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын, біріктіретін мереке», «Алғыс айту күні мерекесі әр қазақстандықтың жүрегіне жақын, жарқын мереке», деген пікірлерін жеткізді.
Мақтааралдағы түрлі этнос өкілдерінің өзара сенімі мен татулығына шүкіршілік ете отырып, біз Сізге өте ризамыз. Қазақстанды бейбітшілік пен тыныштықтың ордасына айналдыра алғаныңыз үшін. Және де экономиканы дамытуға, тұрмысымызды жақсартуға барынша атсалысып жатқаныңыз үшін біз Сізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Бүкіл әлемде қаржы дағдарысының болып жатқанына қарамастан 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауыңыздан кейін 2016 жылы қаңтар айынан бастап зейнетақымыз, жалақымыз көбейді. Сіздің саясатыңызды қолдап, қуаттап, халыққа жасап жатқан іс-әрекеттеріңізді, елдің ынтымағын, татулығын сақтау және нығайту бағытындағы жұмыстарыңызды бағалап, біз, «Шаңырақ» отбасы клубы ең алғашқы Алғысымызды Сізге айтуды және «Алғыс айту күнімен» құттықтауды жөн санадық. Қазақстанды өркендету жолында аянбай еңбек ете беріңіз, Сізге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз...».
«Шаңырақ» отбасы клубының жетекшісі Камира Өмірбай Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шарада: «Саяси қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне халқымыздың сондағы қолдауы мен кеңпейілін үлгі-өнеге ретінде баяндап, бауырмалдықты барынша насихаттаудың жөні бөлек. Қазақ халқының қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтеріскені бүгінгі таңда еліміздегі түрлі этнос өкілдері қарым-қатынасындағы адамгершілік қасиеттердің өнегелі өлшеміне айналуда. Отанымыздың болашағы – қашанда Қазақстан халқының бірлігінде. Сондықтан мейірім мен ізгілікке негізделген Алғыс айту күні мерекесі түрлі этнос өкілдерінің, сондай-ақ, ата-ана мен баланың, бауыр мен бауырдың, дос пен достың, көрші мен көршінің арасындағы мызғымас ынтымақ пен бірлікті, татулықты нығайтатын ең бір ерекше қадірлі мейрам», – деді.
Мерекелік шарада Ділдәбеков ауылдық округі «Жаңа дала» елді мекенінің тұрғыны, қарамағындағы алқаптан бір жылда екі рет өнім алатын шаруа қожалығының төрағасы, бір шаңырақта үш келін жұмсап отырған ұлты тәжік Абдықадыр Худайқұловтың отбасына, Атакент ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркін Жантөреге, Ынтымақ ауылдық округіндегі «Домалақ ана –Нүрила» бөбекжай балалар бақшасының меңгерушісі Балжан Төлеметоваға, Нұрлыбаев ауылдық округі, Қарақыр елді мекенінің тұрғыны, армян ұлтының өкіліне тұрмысқа шыққан орыс қызы Анна Майтисяннің үлгілі отбасына «Шаңырақтың» атынан алғыс білдірілді.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар Атакенттегі мұражайды аралап тамашалады. Асықата кентіндегі «Жеңіс» мектеп гимназиясында мұражайдың көшпелі экспозициясы ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға қатысқан корей, әзербайжан, тәжік ұлтының өкілдері Қазақстанды өз еліміз деп санайтынын, қоныс аударған ата-бабалары да солай құрмет тұтқанын тілге тиек етті. «Шаңырақ жарастығы» тарихи, танымдық, ақпараттық іс-шарада шаңырақ жарастығы, сыйластығы туралы сабақтар өтіліп, мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу мәселелері, отбасы құндылықтары ортаға салынды.
Сонымен қатар, еңбекқор, үлгілі, тату отбасыларға назар аударылып, жас ұрпақты отбасылық өмірге дайындау мақсатында қоғамдық ұйымдардың, елді мекендердегі ауыл, көше билерінің, мектептердегі және балалар бақшасындағы ата-аналар комитеттерінің рөлін арттыруға айрықша көңіл бөлінді. Бұл ретте қарапайым еңбек иесі Аждар Ибрагимов Елбасына өз алғысын білдірсе, тыл ардагері Жүніс Үсентаев «Үлгілі отбасы», «Еңбекқор отбасы» номинациясының иегерлері Наханов пен Ибрагимов отбасыларына, ынтымағы жарасқан жас отбасылар Регина мен Алексей Богдановқа, Жәнібек Асанов пен Екатерина Чичайкинаға ақ батасын арнады. Ал, «Алтын алқа» иегері, аспазшы, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс қызы Надежда Сердалиева қазақтың келіні ретінде көпшілікке сәлем салып, Алғыс айту күні мерекесіне орай халқымыздың салт-дәстүрі бойынша «Сүйінші сұрау», «Қонақ кәде» жасау дәстүрлерін жаңғыртты, Қасым Аманжоловтың «Туған жер» өлеңін нақышына келтіріп оқып берді.
Алғыс айту күніне орай іс-шаралар өткізу барысында «Өзара көмектесу» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Осы акцияға Асықата кентінің, Ынтымақ ауылдық округтерінің кәсіпкерлері жағдайы төмен 15 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге, оқушыларға тегін тұрмыстық қызмет көрсетуге көмектесті.
Қаршыға КҮЛЕН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.