Құрық ұстаған аталарымыз «Мал баққанға бітеді» депті ғой. Бірақ бұл қағида малды таңертең қорадан өріске шығарып, несібесін теріп жеген соң қайта қамап қой дегені емес шығар. Мал басын көбейту, оның сапасын арттыру үшін қаншама тірлік жасау керектігін малшыдан сұра. Қай малшымен тілге келсең, алдымен мал тұқымын асылдандыру керектігін айтар еді. Шаруаның бұл ойын мемлекет те дөп басқандай, мал шаруашылығындағы осы мәселеге басымдық беріп отыр. Елбасы Жолдауында аграрлық секторда етті және сүтті мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріп, ауыл шаруашылығын аяғынан тұрғызудың басым міндеттерін айқындап берді. Ауқымды тапсырманың жүзеге асуы үшін қолдағы малды асылдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы орайда қолдан ұрықтандыру тәсілін жандандыру уақыт талабына айналған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қомақты қолдаудың нәтижесін тарандық шаруалар да біле бастады.
Таран ауданындағы «Қалиев» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігі осы айтқанымыздың толық дәлелі. Шаруашылық 2005 жылы құрылып, мал және егін шаруашылығымен қатар айналысты. Мал басын біршама көбейтіп алған соң, оны асылдандыру жұмысына өткен жылдан бастап кірісті. Оған «Ырыс» бағдарламасының қолдауы мұрындық болды. «Ырыс» – «Агробизнес – 2020» мемлекеттік салалық бағдарламасының аясында жүзеге асырылатын бағдарлама. «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының бір тармағы болып саналатын осы бағдарлама арқасында шаруашылық көмек жөнінен еркін тыныстап қалды.
– «Ырыс» бағдарламасы отбасылық тауарлы сүт фермаларын құруға және кеңейтуге бағытталған жобаларды қаржыландырады. 60 миллион теңгеге дейін қолдау көрсете аламыз. Шаруасын таза еңбегімен дөңгелентіп кететін шаруалар мұны 7 жылда аздаған үстеме пайызымен өтеп шығады, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Қостанай облысындағы филиалының директоры Марат Салықбаев.
Осындай сәті түсіп тұрған іске тәуекел еткеннің бірі әлгі айтқан «Қалиев» шаруа қожалығы болатын. Ол «Ырыс» бағдарламасы бойынша 45,7 миллион теңге несие қаржы алды.
«Ырыс» бағдарламасының қолдауымен берілген несиеге симментал және қазақтың ақбас сиырын, сондай-ақ, жылжымалы сиыр сауатын аппарат, мал бордақылауға арналған техника алдым. Сиырларды неміс бұқасының тұқымымен қолдан ұрықтандырамыз. Бұл тәсілді меңгерген маманымыз бар. Қостанай, Астана аумағындағы ғалымдармен жиі кеңесіп отырамыз. Бүгінде қорада 400-ге жуық ірі қара мал бар, – дейді шаруашылық жетекшісі Асқар Қалиев. Шаруашылық қазір жылқы өсіруді де қолға алды. Ақтөбе облысынан сүтті әрі етті 11 бас жылқы әкелді, оны жыл сайын он басқа көбейтіп отыруды межелеген. Жылқы жануар бөрі мен ұрыдан аман болса, тез-ақ көбейетінін Асқар да біледі. Алдағы уақытта қымыз өндірісін қолға алсақ деген жоспары да бар. Іске тиянақты қарайтын шаруада арман да, мақсат та, жоспар да жеткілікті. Бірақ соның барлығы да қаржы мен адам күшінің арқасында мүмкін болады. Сондықтан Асқар шаруашылықты көптің несібесі деп біледі. Қазір малға 20 адам қарайды, яғни 20 ауылдасын жұмыспен қамтамасыз етті.
– Жалақыны уақытылы беріп тұрамыз. Ауылдастарға отбасын асырайтын ақша, бізге істің біткені керек. Екі жақтан да мәміле адал жасалса, шаруашылық алға баса береді. Бұл ешкімге де зиян әкелмесі анық, көптің несібесі, – дейді Асқар Қалиев.
Шаруа қожалығы мемлекет демеуінің арқасында осылай кеңейе бермек. Асқардың да, ауылдастарының да бүгінгі ойы көктемге малды ауыр қыстан аман, қоңды шығару болып отыр.
– «Алмақтың да салмағы бар», деген ғой. Алған несиені қайтарғанша, шаруаны түзеп кеткенше оның жауапкершілігін қалай ұмытасың? Алған қаржыны мұқият жаратқанда ғана көмектің нәтижесі болады, – дейді Асқар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Таран ауданы.