• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

Венадағы бірқатар екіжақты кездесулер

247 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы аясында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы бірқатар кездесулер өткізді. Сенат Төрағасының ЕҚЫҰ Демократиялық институттардың адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Михаэл Линкпен кездесуінде ДИАҚБ-ның Қазақстандағы жобалары, сондай-ақ, Мәжіліске сайлауалды науқаны туралы сөз болды. Қ.Тоқаев Қазақстанда халықаралық байқаушылар, оның ішінде ДИАҚБ миссиясы үшін сайлау үдерістеріне шынайы мониторинг жүргізуге барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Сенат Төрағасының пікірінше, сайлау халықаралық стандарттарға сәйкес өтеді. ДИАҚБ басшысы білікті және нәтижеге бағдарланған ынтымақтастық үшін Қазақстан билігіне ризашылық білдіріп, байқаушылар миссияның тек деректерге ғана негізделген мониторинг жүргізу ниетін атап өтті. Оның айтуынша, ДИАҚБ міндеті сынау емес, сайлау үдерістерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Бұл тұрғыда Бюро Қазақстанмен одан әрі өзара сындарлы іс-қимылды көздейді. Сонымен бірге, М.Линк ДИАҚБ ман­даты сайлауға байқау жүргізумен шектелмейтініне назар аударды. Бюро Қазақ­стандағы «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парын іске асыруға сарапшылық қол­дау көрсетуге әзір. Қ.Тоқаевтың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Илкка Канер­вамен кездесуінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі дағдарыстар мен шиеленістерді реттеу, Ауғанстандағы жағдай, терроризм және есірткі тасымалы мәселелері бойынша пікір алмасылды. Қазақстан Парламенті Сенаты басшы­­сының ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Робер­то Монтелламен және ДИАҚБ-ның қыс­қа мерзімді байқаушылар миссия­сының үй­лес­тірушісі Мариэтта Тидэймен кез­десулерінде биылғы 20 наурызда Қа­зақ­стандағы сайлауды байқау үшін ЕҚЫҰ пар­ламентшілерінің қатысуы талқыланды. Р.Монтелла ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының сайлау қарсаңында 70-тей байқаушы жіберу туралы жоспарын жеткізді. Ол, сондай-ақ, биылғы мамырда Қа­зақстанға келу және «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысу ниеті бар екенін білдірді. ЕҚЫҰ ПА сессиясы алаңдарында Қ.То­қаев Болгария парламенттік делега­ция­сының басшысы Десислава Атана­со­вамен әңгімелесті, ол Болгария Ха­лық Жиналысының Төрағасы Цецки Цаче­ва­ның атынан Болгарияға сапармен келуге шақыруды жеткізді. Қазақстандық депутаттар ЕҚЫҰ ПА демократия, адам құқықтары және гума­ни­тарлық мәселелер жөніндегі, эконо­микалық істер, ғылым, технология жә­не қоршаған орта жөніндегі, саяси мәселе­лер және қауіпсіздік жөніндегі жалпы ко­митеттерінің отырыстарына, сондай-ақ, үш жалпы комитеттің бірлескен отырыстарына қатысты. Делегация басшысы Қ.Тоқаев Венада бол­ған кезде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Вена бөлімінің Бас директоры, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Юрий Федотовпен кездесті. Кездесуде БҰҰ терроризмге, есірткі саудасына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мекемелерімен ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрктің өтініші бойынша да кездесу болды. Қ.Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы ретінде Король Абдалла бен Әбдел-Әзиз атындағы Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу орталығының Бас хатшысы Фейсал бен Абдулрахман Муаммармен кездесті. Сенат басшысы 2015 жылғы маусымда Астанада өткен V Съез­дің нәтижелері, атап айтқанда, Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевтың әлем­дік қоғамдастыққа жария еткен «бес үндеуі» туралы айтты. Кездесу барысында бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін Съезд Хатшылығы мен Орталықтың мәде­ниет­аралық және дінаралық үнқатысуды нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимылының келешегі туралы әңгіме өрбіді. Сәулебек БІРЖАН.